ОТАНДЫҚ БИДАЙДЫҢ САПАСЫ ТӨМЕНДЕП КЕТКЕН

Елімізде аграрлық саланы дамыту шараларына айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Әйткенмен салада жылдар бойы қордаланып қалған өзекті мәселелер жоқ емес. Мұның салдарын биылғы егін жинау науқанында айқын көріп отырмыз. Бұдан билік те хабардар. Жуырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы егін жинау науқанында қандай қиындықтар бар екенін айтып берді.

Ведомство басшысының сөзінше, биылғы егін жинау науқаны қиын өтіп жатыр. 25 күн жаңбыр жауды. Сәйкесінше, өнімділік 6 млн тоннаға азайып кеткен. Бұдан бөлек, бидай сапасы да төмен. Бұл жөнінде «Өткен жылы үшінші-төртінші сұрыптағы астық шамамен 90 пайыз болса, қазір элеваторларға әкелу деректері бойынша, ұн жасауға қажетті үшінші сұрып шамамен 35 пайыз шамасында. Төртінші сұрып 20 пайыздан асады, ол да ұнға жарайды. Ал одан төмені жем-шөпке жіберіледі. Қымбаттауды көріп отырған жоқпын, керісінше, арзандау байқалады. Қазіргі уақытта фермерлер бидайды сата алмай жатыр. Сондықтан азық-түлік корпорациясы бағаны жариялайды. Қазақстандықтар қорықпауы керек, астық жеткілікті» деді Айдарбек Сапаров.
Айта кету керек, бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау аяқталып қалды. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі гектарына 9,7 центнерден бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды. Оның 11,4 млн тоннасы – бидай.

Ж.БАЛАУСА.