БІЛІМІ ТӨРДЕГІ ЕЛДІҢ БҮГІНІ — БЕКЕМ, ЕРТЕҢІ — ЕҢСЕЛІ
Адам баласының алдындағы ең үлкен мұраты мен мақсаты – артында ізін жалғап қалар білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақта халықтың жағдайы, елдің келбеті қандай болмағы бүгінгі өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Демек бүгінгі балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, мектеп оқушыларына, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беру әрбір аға буын мен орта буын алдындағы міндет десек қателеспейміз.
Жастардың, яғни студенттердің ордасы деп университеттерді де айтуға болады. Солардың бірі — М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті. Аталмыш оқу орны — Қазақстан Республикасының ең ірі және көпсалалы университеті, оңтүстіктің ғылыми, білім, зияткерлік, мәдени орталығы. Оңтүстік өңірде мыңдаған баланы түрлі мамандыққа баулып, жоғары білім беріп, үлкен өмірге дайындап келе жатқан оқу орнының қоғамдағы рөлі үлкен. Сексен жылдық тарихы бар еңселі оқу ордасында болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар заманға лайықты білім мен тәрбие алып келеді.
Жалпы университеттің іргесі мықты, керегесі кең. Сонау екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында, 1943 жылы іргетасы институт боп қаланған университет талай тарихты бастан кешкені даусыз. Әу баста 2 факультет, 7 кафедрамен ғана ашылып, студент қабылдаған оқу орны қазір еңселі білім ошағына айналған. Университетте он бес факультетте бакалавр, магистратура, доктарантурада мамандар даярланып келеді.
Университет меншігіндегі зәулім ғимараттар толықтай соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған, материалдық базасы өте бай. Заман сұранысына толықтай жауап беретін оқу кабинеттері, зертханалар, кітапханалар мен жатақханаларда толықтай жастардың білім алуына жағдай жасалған. Барлығы да тәуелсіз елдің өрендеріне жасалған игілік деуге болады.
Сексен жылдың ішінде университетті қаншама мықты, іскер басшылар басқарды. 2018 жылдың мамыр айынан бері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры — ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Қожамжарова Дария Пернешқызы. Өзінің білімі мен іскерлігі, үздік ұйымдастырушылығы мен басқарушылық қасиетінің нәтижесінде соңғы жылдары университет өмірінде болып жатқан ауыз толтырып айтарлық өзгерістер мен жаңалықтарды саусақпен санау мүмкін емес.
Келешектің кілтін, ел тізгінін ұстайтын жастардың білімді де сауатты, білікті маман болмағы өте маңызды екенін басшылыққа алған университет басшылығы талай игі істердің ұйытқысы болып келеді. Сондай айтулы жаңалықтың бірі жақында ғана «InnoWeek-2023» халықаралық инновациялық идеялар апталығы шеңберінде Ташкент қаласында Қазақстан ЖОО өкілдерінің қатысуымен өткен «Өзбекстан мен Қазақстанның жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастығы» форумында жарияланды.
Дария Пернешқызы өз баяндамасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы шеңберінде, қазақстандық тұңғыш жоғары оқу орны ретінде Шыршық қаласында ашылатын филиалдың 2017 жылдан басталған жобасының кейсін таныстырды. Яғни енді өзбекстандық жастар М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың Шыршық қаласындағы филиалында білім алып, маман иесі бола алады.
«Біздің филиалдың ашылуы елімізде машина жасау, металлургия, құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретініне сенімдіміз, бұл салаларды дуальды оқытудың 18 білім бағдарламасы бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз етеді» деп атап өткен университет ректоры бұл жобаның болашақта көп мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім ұялатты.
Біздің болашағымыз жастар, соның ішінде білімді жастарға көп сенім артамыз, үміт күтеміз, Еліміздің барлық салада дамуы, дамыған үздік елдердің қатарынан көрінуі, әлемге жақсы қырынан танылуы білім мен ғылымның, инновация мен технологияның арқасында жүзеге асары даусыз. Сондықтан бүгінгі студенттерге, білім жолындағы балаларға бар мүмкіндікті жасап, жол ашу — бәріміздің міндетіміз. Және сол жолда Президентіміз Қ.Тоқаевтан бастап, барлығымыз еңбектенеміз. Болашағымыз айқын, келешегіміз кемел болсын! Мағжанша айтсам «Мен жастарға сенемін!».
Роза Бектенова,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Техникалық мамандықтарға арналған практикалық орыс тілі» кафедрасының оқытушысы.