ҚЫС АЛЫС ДЕМЕҢІЗ, ҚЫР АСТЫНДА…

Құрметті су және кәріз желісін тұтынушылар! «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС әкімшілігі Сізден қысқы маусымға су құбыры желілерін тыңғылықты дайындауды сұранады.

Көпқабатты үй тұрғындары кіреберістегі есіктер мен терезелерді бүтіндеп, әйнегі болуын, есігінің жарамдылығын қадағалауы керек. Сонымен бірге жертөлелердегі су құбыры желілерінің суыққа дайындығын тексеріңіздер. Оқшаулап, жылыту керек болса, осы бастан суыққа төзімді болуы үшін орап қойыңыз. Жер үйлердің иелері аулаларындағы су құбыры мен көшеден, жер бетіне жақын орналасқан құбырларды оқшаулап, крандарын қажетті материалдармен орағаны дұрыс.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қаңтар айында қысқы суыққа тиісті деңгейде дайындалмағанның салдарынан көпқабатты және жеке секторларда ауыз сумен қамту желілерінде айтарлықтай проблемалар болды. Үй ішіндегі су желілері қатып қалып, 163 көпқабатты үйлер сусыз қалды. Жеке үйлерде де, коммерциялық нысандарда да осындай мәселелер көптеп байқалды.
Көпқабатты үйлерде ішкі инженерлік желілердің пайдалану жарамдылығына тұрғындардың өзі жауапты. Кондоминиум объектілері болып тіркелген үйлерде қызмет көрсетуші мен тұтынушылар арасындағы, су құбыры желілері бойынша теңгерімдік шекарасы — сол үйдің сыртқы қабырғасы екені қаперіңізде болсын.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС.