ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛҒАН ҚЫРУАР ҚАРАЖАТ ҚАЙТАРЫЛЫП ЖАТЫР

Былтырдан бастап заңсыз шығарылған 857 млрд теңге елімізге қайтарылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Cүлейменов айтты.

Оның айтуынша, бұл сомада шетелден қайтарылған қаражат пен жылжымайтын мүлік те қамтылып отыр. Мәселен, ӨКМ Операторы ісі бойынша үкім шыққан болатын және оның аясында 180 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражаттың бір бөлігі жеңілдікпен автонесие беруге бағытталған еді. Жалпы, қайтарылған қаржы еліміздегі әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге жұмсалады.
Бұл ғана емес, биылғы жылдың аяғына дейін тағы 180 млрд теңге қайтару жоспарланған. Бұл қаражат сомасына шетелдегі ақша мен жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер кіріп отыр. Қазір бұл істер тергеліп жатыр. Бұдан бұрын Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 млрд теңге болатын активтер қайтарылғанын айтқан еді.

«Уақыт».