ЕСКІЛІКТЕН АРЫЛМАЙТЫН АЗАМАТТАН ЕСТІ БАСШЫ ШЫҚПАЙДЫ
немесе
Президент бастамасын ескермейтін кадр
жаңа Қазақстанды қалай құрмақ?
Оны былай қойғанда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашықтық қағидаттарына айрықша тоқталып, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқаны белгілі. Мәселен, өткен жылдың қарашасында заңдарға жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде «Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады» деген болатын. Қош делік, ел президентінің өзі бастамашы болып, ашық есеп беруге айрықша мән беріп отырған уақытта Нұрсадық Ергешбектің жауаптан жалтаруы нені білдіреді? Мемлекет басшысының тапсырмасын місе тұтпау ма әлде ашық қоғам құруға деген қарсылығы ма? Бұл сұрақтың әзірге басы ашық.
Қош делік, елімізде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң бар. Мұны өзгесі білмесе де қала әкімінің орынбасары лауазымында отырған әрбір мемлекеттік қызметші білуі тиіс. Дәл осы заңның 18-1 бабында сұрау салынған жағдайда қанша күн ішінде жауап берілуі керегі тайға таңба басқандай жазылған. Яғни «сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылуы тиіс». Яғни заңда солай делінген. Бұдан бөлек, дәл осы бапта «Сұрау салынған ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, қарау мерзімін ақпарат иеленушінің басшысы бір мәрте күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабар беріледі» делінген. Өкінішке қарай, мұның бір де бірі орындалған жоқ. Әкімдікке кірген сұрау бар, шыққаны жоқ. Демек жоғарыда келтірген мемлекет басшысының тапсырмасы барлық жерде бірдей орындала бермейді деген сөз. Бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салып, ақпаратты заң жүзінде ала алады. Өйткені жауаптан жалтарғандардың жауапкершілігі майшаммен қаралатыны белгілі. Ол — біздің ойлап тапқан тұжырымымыз емес, заңда көрсетілген талап. Осының негізінде салған сұрауымызға жауап ала жатармыз. Ал енді былайғы жұрт қайтпек?
Бұқаралық ақпарат құралдары әлдебір шендіні сынаса, жеке бастың дауы деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені жұмыстың сыналуы – демократиялық қоғамдағы қалыпты құбылыс. Мұндайда айтылған сынға қарай нақты әрі дәлелді дәйек келтірілуі тиіс. Әйтпегенде бұқара мен билік арасындағы сенімге сызат түсіп, үміттен гөрі күдіктің басым болары айқын. Қала берді, басшының кабинеттен шықпай, жұртқа жұмысын көрсетпей отыра беретін уақыты келмеске кетті. Оны былай қойғанда, жергілікті атқарушы биліктің бұқараға қызмет етуі тиіс екенін ұмытпауымыз тиіс. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов турасында да сыни материал жарық көрген болатын. Арада көп өтпей-ақ Қуаныш Жұмабекұлы тарапынан сынға қатысты уәжді естідік. Қала әкімінің бірінші орынбасары бірнеше сағат уақытын бөліп, салаларда атқарылып жатқан жұмыстар жайын тарқата баяндады. Бұл – ашық қоғам құруға деген ұмтылыс. Ал енді Нұрсадық Ергешбек тарапынан мұндай қадамды күткенімізге ай өтсе де, ақпарат ала алмай отырмыз.
Қазақ «ұрының арты қуыс» деп тектен-текке айтпайды. Мұнымен әлдекімді жемқорлыққа немесе «бармақ басты, көз қыстыға» қыстырып бермек ниетіміз жоқ. Әйткенмен жоғарыда біз сөз етіп отырған кадрдың қимылсыз әрекетіне таңданып отырғанымыз жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болып, жүзеге асырып жатқан ашықтық принципін Шымкенттің кей шенеуніктері ескермейтін, ұстанбайтын, тіпті, місе тұтпайтын тәрізді. Әйтпегенде мемлекеттік қызметшінің этикасын былай қойғанда, заңда көрсетілген талапты ескеруі тиіс еді-ау. Бұған дейін жарияланған материалымызда «Нұрсадық Ергешбек қала әкімінің орынбасары болуға лайық па?» деген сауал тастаған болатынбыз. Бұл жолы бұл сауалды нақтылағымыз келіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындамайтын, өзбілермендікке салынып, заң талаптарын ескерусіз қалдыратын кадр жаңа Қазақстанға қажет пе? Жауап белгілі сияқты…
P.S.
Редакция алқасының шешімімен Нұрсадық Ергешбектің жеке бизнесі мен қызметінің арасындағы байланыс һәм Мақсұт Исаховтың ісіндегі есімінің аталуы турасындағы деректерді басылым бетінде жариялауды құп көрмедік. Мұның елдік мәселелерді оқып, ой қорытатын оқырман қауымға қызығы жоқ деп есептейміз. Қала берді, мұнымен айналысатын құзырлы органдар бар.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.