ШЫМКЕНТТІК ДЕПУТАТ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРГЕ ӨЗ ҰСЫНЫСЫН АЙТТЫ
Астана қаласында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен жиында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «Бөрте Милка» ЖШС-нің бас директоры Бөкейхан Әбішев мал шаруашылығы оның ішінде сүт бағыты бойынша бірнеше өзекті мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, қазіргі таңдағы көршілес Ресей мемлекетінен ел аумағына кіріп жатқан арзан, сапасыз, әртүрлі қоспа қосылған сүт өнімдеріне шектеу қою, болмаған жағдайда ветеринарлық, санитарлық нормаға бақылауды күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ сүт бағытындағы отандық өнім өндіретін шаруаларды қолдау бойынша бірқатар ұсыныстарды жеткізді.
Айта кету керек, «Бөрте Милка» ЖШС — Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам ауыл округі, Бадам елді-мекенінде орналасқан толық циклді автоматтандырылған сүт тауарлы фермасы мен сүт өнімдерін өндіру зауыты. Серіктестік 18 гектар алқапты алып жатыр. Оның ішінде дәнді дақылдарды сақтау қоймалары, жем шөп дайындау бөлімдері, престелген шөп сақтау қоймалары, қоралар, бұзауханалар, танаханалар, құрама жем дайындау цехі, сиырдың сұйық тезегінен көң бөліп шығару цехі, еркін жайылу алаңшалары орналасқан. Мекеменің сүт зауытында 25-ке жуық өнім түрлерін өндіреді. Ол, өз кезегінде, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Қызылорда және Жамбыл облыстарына таратылады. Дайын өнімдер өзінің табиғи, ешқандай қоспаларсыз өндірілуінің арқасында кең сұранысқа ие.
«Уақыт».