ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «WORLD CLEANUP DAY» ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Дүниежүзілік тазалық күніне орай, Түркістан облысында «World Cleanup Day 2023» жыл сайынғы экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Аталған акцияның мақсаты — қоршаған ортаны тазалай отырып, табиғатқа жанашырлық таныту және әр адам бойындағы экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру.
Сенбілікке облыс аумағындағы барлық аумақтық департаменттер мен басқармалар, аудан, қала әкімдіктері сондай-ақ, барлық бюджеттік мекемелер мен тұрғындар қатысты. Жалпы 13 мыңға жуық адам атсалысты. Жоспар бойынша сенбілікке қатысушылар өздеріне бекітілген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстан тазартты.
Айта кетейік, «World cleanup Day» — бұл бүкіләлемдік тазалық күніне арналған экологиялық акция. Аталған дүниежүзілік масштабта өтетін іс-шараға 180-нен астам мемлекет қатысады. Қазақстан Республикасы да 2018 жылдан бастап, жыл сайын белсенді түрде атсалысып келеді. Қазақстанның Дүниежүзілік «World Cleanup day 2023» акциясына қатысуы Қазақстанды жаһандық әлемдік экологиялық акцияға қатысушы ретінде, «Жасыл» экономика қағидатын іске асыратын және 2030 тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді іске асыратын ел ретінде танытуға мүмкіндік береді.