БІЛІКТІ МАМАН САЛАНЫ ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамының бейнесін кеңінен насихаттауды әр сөзіне тұздық етіп келеді. Мәселен, өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел Президенті былай деген болатын «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым». Жалпы қазіргі таңда сан түрлі саланың дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген үздік мамандар көп. Солардың бірі турасында бүгінгі материалымызда тарқата жазбақпыз…

Бүгінде қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұрғаны — дәрігерлер. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, көптің дертін емдеуге атсалысып, халықтың алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылар турасында қанша айтсақ та аз. Бүгінгі кейіпкеріміз — Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың нейрохирургия, инсульт және нейрореанимация секілді нейрохирургиялық қызметінің жетекшісі, PhD докторы Еркін Жұмағұлұлы Медетов. Ол 1984 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Кейіпкеріміз бұған дейін Астанадағы Қазақ ұлттық нейрохирургия орталығында 12 жыл қызмет еткен. 2021 жылы Шымкентке оралып, бірден қалалық №1 ауруханаға қызметке қабылданады.
Еркін Жұмағұлұлы мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, білім мен білікті қатар алып жүріп, 2001 жылы О.А.Жолдасбеков атындағы №9 жаратылыстану-техникалық мектеп-лицейін үздік бітірген түлектердің бірі атанады. 2001-2007 жылдар аралығында көне шаһар Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен тәмамдап шығады. 2007-2008 жылдары аталған жоғары оқу орнында «Хирургия» мамандығы бойынша интернатураны аяқтайды. Жалпы бұл мамандықты таңдаған сәттен-ақ сабыр мен шыдам, білім мен білік қажет етететіндігін ұмытпаған жөн. Осыны айқын ұққан кейіпкеріміз 2009 жылы Алматы қаласында Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «Нейрохирургия» мамандығы бойынша алғашқы мамандандыруды оқып шығады. 2010-2014 жылдары Ұлттық Нейрохирургия орталығында «Нейрохирургия және соның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша резидентураны бітіреді. 2014-2015 жылдары Ұлттық онкология және трансплантология орталығында, «Ангиохирургия» мамандығы бойынша алғашқы мамандандыруды оқып, 2016-2019 жылдары Астана қаласындағы Астана медицина университетінде «Медицина» мамандығы бойынша докторантураны бітіріп шығады.
Білікті маман үшін басты жетістік — мақтау, мадақтау, алғыс хаттар емес көптің көңілі ауарлықтай пайдалы дүниелерді басылым беттеріне шығару. Еркін Жұмағұлұлының Қазақстан және шетел журналдарында 50-ден астам ғылыми жұмыстары жарық көрген. Нейрохирургия бойынша Германия, Сингапур, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей елдерінде өз білімін жетілдірген. Түркияда өткен дүниежүзілік нейрохирургтардың конференциясында және Бельгияда өткен Европа нейрохирургтарының конференциясында доклад жасаған. Бірнеше патент авторы. Қазақстанда нейрохирургия саласында жаңа технологияларды еңгізуге атсалысқан. Ғылыми жоба жобасында «Қазақ популяциясының ми тамырларының аневризмасын генетикалық зерттеу» жұмысын атқарған.
Қорыта айтқанда, осындай бесаспап маман бүгінде Шымкенттегі медицина саласының дамуына үлес қосып жатыр. Білікті маманның салаға, соңынан ерген шәкірттеріне берері көп жеп білеміз…