БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Бүгінде жұмыспен қамту шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мыңдаған жан жұмысқа орналасады. Бұдан бөлек, жастарды жұмысқа орналастыруды көздейтін бастамалар да сәтті жүзеге асып келеді. Сондай-ақ бүгінде әр өңірде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда аталған бастамалар турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз…
Жуырда Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйымдастыруымен Тұран аудандық «Мансап» орталығында кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шара барысында білім беру, медициналық, техникалық, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі мен «Қазақстан Фридом Финанс» АҚ банкі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша 4 мыңнан астам уақытша және тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс беруші 35 мекеме азаматтарды еңбек шарттары және жалақы көлемімен таныстырып, мансап жолын бірге бастауға шақырды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сондай-ақ қалалық Жастар ресурстық орталығы және «Жастар рухы» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шара бірінші кезекте жұмыс іздеушілердің мүддесін көздейді. Мақсат — жұмыс берушілерді тарта отырып, жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектерін жұмыспен қамту. Жалпы Шымкент қаласы бойынша биыл 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 16 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту көзделген. Қазіргі таңға 13 мыңға жуығы қамтылып отыр.
Айта кету керек, қазіргі таңда Tanda.enbek.kz порталында өңірлік мансап орталықтары ұйымдастыратын бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелері өтеді. Онлайн-жәрмеңкеде жұмыс берушілерге өздеріне қажетті мамандарды онлайн форматта табуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс іздеуші өзінің түйіндемесін жұмыс берушіге жіберіп қана қоймай, сонымен қатар онлайн-чат арқылы HR мамандарымен мәселелерді талқылап, бейне сұхбат арқылы сұхбаттаса алады. Жәрмеңкеге қатысу үшін жұмыс берушілер де, ізденушілер де Tanda.enbek.kz порталында тіркеуден өтуі қажет. Онлайн-жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Толық ақпарат пен жәрмеңкелерді өткізу кестесі порталда жарияланған. Осы уақытқа дейін Tanda.enbek.kz-те әртүрлі қызмет салалары үшін де, жекелеген өңірлер үшін де бірқатар онлайн-жәрмеңкелер өткізіліп, оған жалпы 110 жұмыс беруші мен 3 мыңнан астам ізденуші қатысты.