САРЫАҒАШТЫҚ КӘСІПКЕР ЖЫЛЫНА 5-6 МЫҢ КӨШЕТ ШЫҒАРАДЫ

Сарыағаш ауданына қарасты Жемісті елді мекенінің тұрғындары көшет өсіруді кәсіпке айналдырған. Жемісті ауылдық округінің тұрғыны С.Пернебеков 25 жылдан астам уақыт жеміс және көрнекілік ағаштарының көшеттерін өсірумен айналысып келеді. Көшет егудің қыр-сырын жетік меңгерген көпбалалы әке жылына 5-6 мың көшет шығарады.

Сонымен қатар кәсіпкер жеміс көшеттерін 2 жыл бойы өсіріп, сонан соң саудаға қояды. Жалпы бүгінде аталған көшеттерге сұраныс жоғары, сондай-ақ өңірден бөлек, басқа да қаладан арнайы көшетке келетіндер де аз емес. Сарыағаштық тұрғынның айтуынша, алдағы уақытта көшет түрлерін көбейтіп, республика деңгейінде саудалауды жоспарлауда. Бүгінде кәсіпкер мезгілге қарай алма жемісінің көшетін өсіруде. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде Жемісті ауылында 100-ге жуық азамат көшет шығарумен айналысып өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Жуырда аудан басшысы Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округіне арнайы жұмыс сапармен барып, көшет өсірумен айналысатын кәсіпкердің жұмысымен танысты. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына және ауылдық округ әкіміне ауылдық округте жастарына кәсіп бастап әрі дамытуға арналған мемлекетте «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңға сәйкес көмек беруді тапсырды.
Айта кетейік, елді мекенде бірқатар оң өзгеріс бар. Жемісті ауылында маңызы бар Жемісті-А2 автомобиль жолының бойында орналасқан көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде көпірді жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер тарапынан темір қоршаулар орнату жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы, тиісті бөлім басшысы мен мердігер мекеме өкіліне белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындар игілігіне беруді тапсырды.