ПРОБАЦИЯ ҚАЙТА ҚЫЛМЫС ЖАСАУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Сәйкесінше, пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеудің маңызы зор.

Жалпы пробациядағыларды бақылау елдегі тұрақтылықты, тыныштықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Яғни олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, дер кезінде психологиялық көмек алуы тиіс. Егер, бақылау дұрыс жүргізілмесе, қылмыскерлер еркіндікте бос сенделіп, жаңа қылмыс жасауы мүмкін. Сондықтан айма-ай тиісті жұмыстар атқарылып, бақылау күшейтілуі қажет.
Осы мақсатта, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастарға жеке психологиялық қабылдау өткізілді. Мұндағы мақсат — пробация есебіндегі жастармен жүйелі жұмыстар жүргізу және психологиялық, рухани кеңес беру. Іс-шараға Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті және Шымкент қалалық №1 пробация қызметінің қызметкерлері қатысып, әр азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, мәселелерімен танысты. Сондай-ақ екі қолға бір күрек табу жолдарымен бөлісті.