МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ЖҰҚПАЛЫ ІНДЕТПЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

Мал шаруашылығын дамыту жұмыстары ветеринария саласына тікелей байланысты екенін газетіміздің бұған дейінгі сандарында жазған едік. Жасыратыны жоқ, жыл сайын еліміздің бірқатар өңірлерінде төрт-түлік арасында түрлі жұқпалы аурулар тарап, қырылып жатады. Мұның бір себебі – санитарлық жұмыстардың дер кезінде жүргізілмеуі. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.

Мәселен, қазіргі уақытта өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай мәлім етті. Түркістан облысы аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, адамды, жануарларды, үй-жайларды және өзге де аумақтарды жәндіктерден қорғау және жою бойынша бірқатар іс-шаралар тізбегі жоспарланған. Спикердің сөзінше, кенеге қарсы энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында биыл 59 887 литр «Дизицип» сұйығы, 413 372 кг «Дельтаметрин» ұнтағы сатып алынды. Осы ретте аудан, қала орталықтарындағы сақтау қоймаларына жеткізілді.
Басқарма тарапынан тек ауыл шаруашылығы жануарларын өсірумен айналысатын үйлердің қора-жайларына және жапсарлас аумағына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. «Залалсыздандыру жұмыстарын екі кезеңде жүргізу жоспарланған. Көктемгі кезеңде 1 498,8 мың ірі мал бүркіліп, 4 776,9 мың ұсақ мал тоғытылды. Сондай-ақ 51 672,1 мың шақырым қора-жай және мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылды. Оған 17 сәйкестендірілген ДУК автокөлік, 372 ранцтік аппарат, 17 мотопомпа және 1552 арнайы киім, резеңке етік, 9312 респиратор, 3104 көзілдірік, 7 760 қолғап пен кәсіпорынның 1552 қызметкері жұмылдырылды. Мамандар арнайы қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жалпы 316 ұсақ малды тоғытатын ванна бар. Оның ішінде, 154-і — мемлекеттік, 162-і — жекеменшік. Ал екінші кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары 10 шілдеден басталып, 15 қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Осы кезеңде 1 557,7 мың ірі мал бүркіленеді, 4 996,6 мың ұсақ мал тоғытылады және 51 672 мың шаршы метр қора-жай және мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылады. Оған дәрі-дәрмек жеткілікті» деді Ғани Тұрысқұлұлы.
Брифинг барысында Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов жыл басынан бері облыста кене шаққан 985 адам медициналық ұйымға жүгінгенін атап өтті. Ал 48 науқас күдік тудырып, 9 науқастың диагнозы расталған. «Аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы инфекциясы адам ағзасына кененің шағуы арқылы енеді. Сондай-ақ, жануарларды күтіп баққан кезде, төрт түлік малдың және науқас адамның қанымен жұғуы мүмкін. Бұл ауруға көбіне малшылар, шопандар және мал күтімімен айналысатын, мал өнімдерін өндіретін адамдар шалдығады» деді Бахтыораз Елемесов. Брифингте белгілі болғандай, аудандық, қалалық жұқпалы аурулар бөлімшелері арнайы тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жасақталған.