СОЗАҚТЫҚ ШАРУАЛАР ЕТ ӨНДІРІСІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІП ОТЫР

Түркістан облысының мал шаруашылығын дамыту бойынша әлеуеті айрықша маңызға ие. Оның ішінде созақтық шаруалардың мүмкіндігі жоғары. Қазіргі таңда аталған ауданда мал басын асылдандыру мен көбейту ісі қарқынды жүргізіліп жатыр. 

Сонымен қатар бүгінде Созақ ауданында шаруа қожалықтарды өркендету, оның ішінде мал шаруашылығы және ет өнімімен айналысу желел даму үстінде. Бұл жөнінде аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, халықпен есептік кездесуі барысында айтты. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, субсидия бөлініп жатыр. Бірнеше шаруа қожалығы жаңбырлатып суғару әдісіне көшті. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, сала орынбасарлары мен тиісті бөлімдер, ауыл округтер, елді мекендерді аралап субсидиялау, жеңілдетілген несие, грант алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ аудан мал шаруашылығына қолайлы аймақ болғандықтан, жылдан-жылға мал басының саны артып келеді.
Аудандағы жұмысын жандандырып отырған қожалықтардың бірі – «Балтабай» шаруа қожалығы. Қожалық 2005 жылы құрылып, 2018-2019 жылдары мал бордақылау алаңын салып, ет өндіру бағытына басымдық берген. Қожалықтың сыйымдылығы 250 бас малды бордақылауға мүмкіндік береді. Онда арнайы мал сою алаңы, қора-жай, мал азығын сақтайтын орындар бар. Шаруа қожалық басшысы Темур Балтабаевтың айтуынша, қожалықта жылына 250-300 тоннаға жуық ет өнімі өндіріледі. Сондай-ақ 26 адам жұмыспен қамтылған.