ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Шымкентте 1024 құқығы тапталған жұмыскердің жалақы қарыздары өтелді. Бұл туралы Ақпарттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде өткен баспасөз брифингінде айтты.
«Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы 2023 жылдың 6 айында құқығы тапталған жұмыскерлердің 454,3 млн теңге көлеміндегі жалақы қарыздарын өтеп берді. Осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларымен 1 024 жұмыскердің құқықтарын қорғап, 42 кәсіпорындағы 945 жұмыскердің 454,3 млн теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтеп берді» деді басқарма басшысы. Сонымен қатар қазіргі уақытта 2 кәсіпорынның 72 қызметкері алдында жалақы бойынша берешек 8,5 млн теңгені құрайды. Олар — «Rio Med» ЖШС-гі 71 қызметкер алдындағы жалақы қарызы 7,9 млн теңге және «СПИК Аккорд» АҚ-ы 1 қызметкер алдында жалақы қарызы 0,6 млн теңге.
Еңбек саласындағы мәселелер мұнымен шектелмейді. Ол жөнінде басқарма басшысы былай деді «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқарманың негізгі функцияларының бірі — жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарау. Есепті кезеңде басқарма тарапынан 730 азаматтың өтініші қаралды. Нәтижесінде 114 тексеру жүргізіліп, 167 бұзушылық анықталды. Анықталған бұзушылықтардың 118-і жойылып, заңға сәйкестендірілді. Бұдан бөлек, 65 нұсқама беріліп, 6,8 млн теңгеге 31 айыппұл салынды, оның ішінде 4,6 млн теңге көлеміндегі 25 айыппұл өндірілді». Айта кету керек, бүгінде еңбек адамының құқығын қорғау бойынша кәсіподақтар ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр. Әсіресе, жұмыскерлердің құқығын қорғау бойынша көшпелі жиындар өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.