ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласында «Мейірім-жүректен» акциясы аясында жасөспірімдерге профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының бас прокуроры мәлімдеді.

Өз сөзінде «Қазіргі таңда өмірге көзқарасы қалыптаспаған жастардың арасында қылмыстың жасалуы жиі кездеседі. Жастардың арасында қылмыстың көп жасалуына отбасындағы берілген тәрбие, ата-ананың балаға көңіл бөлуі тікелей байланысты. Қоғам кәмелеттік жасқа толмаған азаматтардың жасаған қылмыстарын ақылдарының толмағандарынан деп есептейді. Сондықтан да жасалынып жатқан қылмыстар құқық қорғау органдарына хабарланбай жататынын да кездестіріп жатамыз. Жасөспірімдермен қылмыс жасауға мына факторлар әсер етеді — отбасындағы қолайсыз жағдай, сабаққа бармау, оқу орындарында тәрбиелік жұмысты аз жүргізу, экономикалық жағдай, өздерінің құқықтарын дұрыс білмеуі. Соңғы жылдары жастар арасында қылмыс жасау көбейді. Көбінесе қылмыстың мына түрлері жиі кездеседі — кісі өлтіру, ұрлық, тонау, жарақат салу, қарақшылық және алаяқтық. Жасөспірімдер қылмыс жасау барысында келеңсіз жағдай бола қалса адам өлтіру, ауыр дене жарақатын, қарақшылық жасауға дейін барады. Кәмелетке толмағандардың жасайтын қылмыстардың арасында ерекше орын алатыны — бұзақылық. Кәмелетке толмаған кылмыскердің мінездемесін заңды білмегенмен түсіндіруге болады. Бұл, біріншіден, жалпы халықтың құқтық сауатсыздығы, екіншіден, жасөспірімдердің өздері заңға немқұрайды қарауы, заңды толық білмеуі, олардың әділеттікке сенбеуін туғызады. Соңғы кезде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың өсіп кетуі себебі — экономикалық жағдайлардың нашарлауы және қоғамның қысымы деген тұрақты ой қалыптасуда. Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі балалардың бос уақытын ұйымдастыра алмауынан туып отыр. Зерттеулерге жүгінетін болсақ сотталғанға дейін жасөспірімдердің бірнеше қылмыс жасайтыны белгілі» деді прокурор Ғабит Мұқанов.
Сонымен қатар спикердің айтуынша, жасөспірімдер арасында меншікке қол сұғу қылмысы да жиі жасалады. Сол себепті қылмыстың алдын алу аясында «Мейірім-жүректен» атты айлық акциясын өткізіп, 150 мектеп пен 38 колледжде 70 мыңнан астам оқушыға прокуратура қызметкерлері бағыт-бағдар беріп, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Одан бөлек, қала прокуратурасы бұл проблеманы 25 мамырда Үйлестіру кеңесінде талқылады. Құқық қорғау мен тиісті уәкілетті органға жұмысты жандандыру тапсырылды. Алайда бұл проблеманы ата-ананың қатысуынсыз біржақты шешу қиын болып отыр. Жастар арасында патриоттық сезімін, мәдени құндылықтарды дамытып, тәрбиелеу керек. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын ашу керек. Жастар арасындағы қылмыс – қоғам ауруы, оны емдеу қажет және алдын алу шараларын қолдану керек. Әрбір отбасында ата-ана өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын сөйлесіп, оны мазалаған ойларын біліп, оның айналасындағы достары туралы хабардар болып, оның проблемаларын шешуге көмектесіуі керек. Осы жағдайларда жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың алдын – алуға болады.