ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕК 1 ЖЫЛДА 11 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ

импортқа беттеу отандық өнімнен шеттеу емес пе?

Басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын әуелгілерден болып ауруханаға барады. Ондағы ақ халаттылардың ұзын-сонар дәрі-дәрмек жазып берері бесенеден белгілі. Ал дәріханалардағы баға удай. Бұл ғана емес, жыл өткен сайын фармацевтикалық өнімдер бағасы ұдайы өсіп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда аталған саладағы мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жайын тарқата жазуды жөн санап отырмыз…

Жуырда Еnergyprom.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын. Ондағы дерекке сүйенсек, дәрі-дәрмектің қымбаттауы бойынша Қазақстан әлемді былай қойғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ішінде жетекші орынға ие болып шықты. Елімізде дәрі-дәрмек бір жылда 11 пайызға қымбаттаған. Ал ЕАЭО елдерінде бұл көрсеткіш орташа есеппен 4,2 пайыз шамасында. Бірінші орында 16,1 пайызбен Қырғызстан тұр. Қазақстанға дәрі-дәрмек жеткізуші Ресей мен Беларусь елдерінде бағаның өсуі аса қатты байқалмады. Онда фармацевтикалық өнімдер бағасы тиісінше 3 және 0,8 пайызға өсті. Мұндай мәліметтерді Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлап отыр.
Бұл биыл ғана болып жатқан мәселе емес. Өткен жылы да осындай жағдай тіркелген. Яғни фармацевтикалық өнімдерге баға динамикасы бойынша Қазақстан одақта екінші орынға шыққан. ЕАЭО елдерінде атауы бірдей дәрінің құны неге әртүрлі екенін түсіну үшін Еуразиялық экономикалық комиссия сарапшылары былтыр егжей-тегжейлі зерттеу жүргізді. Нәтижесінде Қазақстанда 50 дәрінің 30-ның бағасы Ресейге қарағанда жоғары болып шықты. Жалпы айырмашылық 9 пайыз шегінде болғанымен, кейбір дәрілер бізде көрші елге қарағанда 3 есеге жуық қымбат. Одақтың біртұтас фармацевтикалық нарығындағы мұндай диспропорцияның себебі — елдердегі мемлекеттік бағаны реттеу әдістерінің әртүрлілігі. Дәрілік заттардың құнын бақылау Армениядан басқа ЕАЭО-ның барлық елдерінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар одаққа мүше қалған төрт елде бағасы реттелетін дәрілердің талаптары мен тізімі әртүрлі және көптеген түрлі факторларға байланысты. Мәселен, Қазақстанда шекті баға белгіленетін дәрілік заттардың тізбесі 6 мыңнан астам пунктен тұрады. Биылдан бастап еліміз бағаны реттеу бағытын ұстанды. Яғни, бірте-бірте, бірнеше жыл ішінде мемлекет бақылауындағы дәрілердің тізімі қысқарады.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл 10 қаңтардан бастап бөлшек саудада 376 дәрі-дәрмектің бағасы реттелмейді. Бұл — әртүрлі витаминдер, гомеопатиялық препараттар, қарапайым ауруларды емдеуге арналған дәрілер. 2023-2024 жылдары рецептсіз берілетін басқа да дәрілік заттардың көтерме және бөлшек саудасын реттеу, ал 2024-2025 жылдары рецепт бойынша берілетін дәрілік препараттарды реттеу жойылады. Нәтижесінде, 2026 жылға қарай Қазақстанда мемлекеттік реттеу кепілдендірілген медициналық көмек пен МӘМС жүйесі аясында ауруханалар үшін сатып алынатын дәрілік заттарға ғана қатысты болады. Мемлекет бағаны жіберген кезде дәріханалардағы баға қалай өзгеретіні кейін белгілі болады. Бұл ретте реттеу дәрі-дәрмек бағасын орташа инфляция деңгейінен төмен ұстауға мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстанда биыл мамырда тауарлар мен қызметтер 2022 жылғы мамырмен салыстырғанда орта есеппен 15,9 пайызға өсті. Ал дәрі-дәрмек шамамен 11 пайызға қымбаттаған.
Жалпы дәрі-дәрмектің құны 11 пайызға қымбаттағанымен, жекелеген кей дәрі-дәрмек түрінің бағасы бұдан әлдеқайда жоғары өсім көрсеткен. Бағаларын ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мамандары қадағалайтын 30 фармацевтикалық өнімнің тізімінде бағаның үштен біріне жуығы әлдеқайда қымбаттады. Мәселен, антипиретикалық парацетамол және ацетилсалицил қышқылы сәйкесінше 43,3 және 16,2 пайызға, қақырық түсіретін амброксол және «Бронхикум-С» — 22,9 және 12 пайызға, антибиотик азитромицин — 12,7 пайызға қымбаттады. Бағасы көтерілмеген, бірақ тіпті төмендеген тізімдегі жалғыз дәрі — бүйрек ауруларын емдеуге арналған «Канефрон Н» болды. Аталған дәрі статистика бойынша 5,3 пайызға арзандаған.
Бағаның қымбаттауына импорт әсер етіп отыр. Қазақстанда отандық фармацевтика өнеркәсібінің белсенді дамуына қарамастан, көптеген дәрілік заттар бойынша импортқа тәуелділік бар. Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» сайтының мәліметінше, отандық фармацевтикалық компаниялардың елдегі ауруханаларға дәрі-дәрмек сатып алудағы үлесі небәрі 33 пайызды құраған. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін алғашқы 10 елдің қатарына Германия, Швейцария, Франция, Ирландия сынды алпауыттар кіреді.
Ал кедендік статистикаға сүйенсек, Қазақстанға дәрі-дәрмектің ең ірі импорттаушысы — Ресей. Биыл қаңтар-сәуір айларында ресейлік жеткізілімдердің үлесі 21 пайызды құрады. Солтүстіктегі көршімізден 26,2 млн АҚШ долларына екі мың тоннадан астам дәрі-дәрмек әкелінген. Қытай жеткізілім бойынша екінші орында, ол жақтан 1,8 мың тонна фармацевтикалық өнім жеткізілді. Елдің үлесі — 19 шамасында. Барлығы қаңтар-сәуірде елімізге жалпы сомасы 456,7 млн АҚШ долларын құрайтын 9,8 мың тонна таблеткалар, дәрілік заттар мен фармацевтикалық ерітінділер шеттен келген. Бұдан бөлек, жеткізу құны бойынша Қазақстан үшін дәрі-дәрмектің негізгі жеткізушілері — Германия мен Үндістан. Биылғы төрт айда олар елімізге 124,5 млн АҚШ долларын құрайтын дәрі-дәрмек әкелген. Бұл — қазақстандық фармацевтикалық импорттың үштен бірі.
Қорыта айтқанда, жаны ауырып, дертіне шипа іздеген азаматтардың дені шетелден келетін дәрі-дәрмекті алуға мәжбүр. Қош делік, оның сапасына қатысты сынның жоғы белгілі. Әйткенмен фармацевтика саласының қоғам үшін, ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін маңызы жоғары екені бесенеден белгілі. Өкінішке қарай, бұл мәселе тиісті сала басшыларын толғандырмаса керек. Біздегі жауапты шенділер отандық өндірісті дамытуға қарағанда, қымбатшылықпен күресті науқанға айналдыруға әуес секілді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.