САУЛЫҚ – САҚТЫҚТА

елімізде жиі кездесетін қатерлі ісіктің түрлері қандай?

Жыл өткен сайын әлемде жаңа ауру түрлері пайда болып, әлеуметті әлекке салып келеді. Өз кезегінде, жаһан жұртшылығы медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлуде. Ол қатарда еліміз де бар. Дегенмен мәселе жоқ дегеннен аулақпыз. Мәселен, бүгінде 200 мыңнан астам қазақстандыққа қатерлі ісік диагнозы қойылған.

Оның ішінде төрт түрі өте жиі тіркеледі. Бірінші орында — сүт безінің қатерлі ісігі. Жыл сайын аурудың 5 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталып, ісіктің осы түрінен мыңнан астам өлім тіркеледі. Өлім-жітім бойынша сүт безі қатерлі ісігі төртінші орында. Қауіп факторы тек тұқым қуалау мен өмір салты ғана емес, одан бөлек генетикалық мутациялар, кеудеге 30 жасқа дейін жүргізілген сәуле терапиясы немесе ұзақмерзімді гормон алмастыру терапиясы да ауруға себеп болуы мүмкін.
Онкологиядан болатын өлім-жітім бойынша 1-орында тұрған — өкпе ісігі. Ал таралуы бойынша бұл обыр Қазақстанда екінші орында. Оған өкпе фиброзы, темекі шегу, бұрынғы сәулелік терапия немесе қоршаған ортаның токсиндері себеп болуы мүмкін. Қатты жөтеліп, қан кетсе, тыныс ала алмаса, кеудеде ауырсыну, ентігу, бет пен мойын ісінсе, дауыс қарлықса, бірден дәрігерге көріну керек.
Үшінші орында тоқ ішек ісігі, ол өлім көрсеткіші бойынша үшінші орында. Науқас әлсізденіп, тәбеті төмендейді, іші ауырады, метеоризм болады, ішек бітеледі және қан кетеді. Оны нәжіс талдауы немесе колоноскопия арқылы анықтауға болады. Төртінші орында — асқазан обыры. Қатерлі ісіктің бұл түрі өлім-жітім бойынша екінші орында.

С.НҰРАЙ.