АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІНЕ ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТҚАН

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.

2018 жылы бұл көрсеткіш 544,3 млрд теңге шамасында еді. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылған. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл, ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Республикадағы жылыжайлардың
71%-ы облысқа тиесілі. Олардың жалпы аумағы 1511 гектарға жетіп отыр. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналған. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.