«ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ» САЯСАТЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру шеңберінде Түркістан облысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Шілде айынан бастап елімізде коммуналдық қызметтердің бағасы өзгеріп, 2029 жылға дейін инженерлік желілердің тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайту жоспарланған. Ал жаңа тариф саясатына көшу-коммуналдық желілердің тозуын азайтып, жұмысшылар жалақысының өсуіне мүмкіндік береді деп көзделіп отыр.

Бұл туралы брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ақтілеу Бекмұратов мәлім етті. Нақтырағы «Тұрғындардың тұрмысына да, көңіл күйіне де әсер ететін жайттың бірі осы – тариф. Сол себептен «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы айтарлықтай маңызға ие. Биылғы мамыр айында департаментке «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты шеңберінде қызыл аймақта тұрған «Кентау Сервис» МКК мен «Түркістан-Су» МКК табиғи монополия субъектісі өтінімдерімен жүгінген. Инвестициялық бағдарлама жобасында «Кентау Сервис» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 35-40%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. Ұсынылған инвестициялық бағдарламада ұзындығы 6,6 шақырым магистральдық жылу желілерін және ұзындығы 87 шақырым ішкі орам желілерді реконструкциялау жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ Кентау қаласының тұрғындары үшін тарифке үлкен жүктемені болдырмау мақсатында жергілікті бюджет есебінен инженерлік желілер мен жабдықтарды жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған жекелеген іс-шараларды жүргізуге қаражат бөлінеді» деді Ақтілеу Балғабекұлы.