ЖАҢА НЫСАН СУДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Елімізде ағын сумен қамту мәселесі әлі де өзекті. Дегенмен оны шешудің сан түрлі тәсілі бары бесенеден белгілі. Сондай бастамалардың бірі Сайрам қаласында басталып, арты сиырқұйымшақтанып кеткен болатын. Жуырда аталған ауданның әкімі Арман Сәбитов дәл сол Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру нысанына табан тіреді.

Аталған нысанның құрылысы «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС тарапынан 2017 жылы басталған. Жобаның негізгі мақсаты – Ақсу ауылындағы көпқабатты үйлерден шығатын шайынды суларды сүзгіден өткізіп, егістікке ағын су етіп жіберу. Алайда мердігер мекеменің кейбір жұмыстары бекітілген талаптарға сәйкес келмегендіктен, нысан қабылданбаған. Кемшіліктері жайында бірнеше рет сотқа жүгінген. Тағы бір айта кетерлік жайт, құрылыс жұмыстарының толық бітпеуі, мердігер мекеменің кемшіліктері мен іс-әрекеттері бойынша Қарабұлақ ауылының тұрғындары тарапынан республикалық телеарналар мен блогерлер шақырып, наразылық акцияларын ұйымдастырған еді.
Өзекті мәселенің шешу жолдарын қарастыру мақсатында нысанға арнайы барған аудан басшысы мердігер мекеме басшылары және жауапты қызметкерлермен кеңесті. Нәтижесінде аудандық ТҮКШЖКжАЖ бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевқа нақты тапсырмалар жүктелді. Яғни 13 шілдеге дейін тиісті бөлім, Қарабұлақ әкімшілігі және «Сайрам тазалық» ЖШС тарапынан жауапты мамандар бекітіліп, күнделікті бақылау жасамақ. Сонымен қатар нысанның жұмысы бойынша лабораториялық сараптама қорытындысын алу керек. Ал техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тұстары бойынша тиісті орындарға арнайы хатпен шығып, жауабын алу қажет. Аталған нысан аудандағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады. Барлығы заңнама талаптарына сай іске қосылатын болса, маңызды мәселе оң шешімін таппақ.