ҰРЛАУ МЕН УЛАУ
Қолдан жасалған арақ өнімдерінен елімізде әр айда 30 адам уланып қайтыс болады екен. Бұрын негізінен зейнет жасындағылар болса, қазір олардың қатарында жастар да бар. Технология дамыған шақта брендті, белгілі маркалы арақты да қолдан жасау белең алған. Сондықтан өзгенің тауар белгісін ұрлау да, контрафакті өнімімен халықты улау да әзірге тоқтар емес.
Елімізде «Тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заң бар. Оның 4 бабының 4 тармағына сәйкес, «Тауар таңбасы иесінің келісімінсіз, ешкім де оның тауар белгісін пайдалана алмайды» делінген. Егер пайдаланса, ол тауар контрафакт тауар болмақ. Заңға қарамастан, әрине нарықта өзгелердің меншік нысандары саналатын тауарлардың қолдан жасалған көшірмелері баршылық.
Спирттік өнімдерді қолдан жасау дерегі негізінен Қазақстанның бар аймағында кездеседі. Құзырлы орындағылар контрафакт өндіретін жер асты цехтарын әр өңірде де анықтап отыр. «Арақты пластик ыдысқа құйып тарататын алкодилерлерден де қауіп бар. Химиялық құрамы жағынан спирт пен пластик үйлеспейді, зиянды қалдықтар бөліп, улану деңгейін арттырады. Ең қауіптісі – бұл метил спирті бар өнім. Оның бір ғана кесесі адамның өмірін жалмай алады. Метанол адам организміне жылдам сіңіп, ағза клеткаларында формалин уын тудырады» дейді мамандар. – Мұны тұтынған кісі басы айналып, әлсіреп, тынысы тарылып, көз алды қарауытады. Тіпті есінен танып қалады. Бас миы жылдам зақымданады. Неврологиялық ауыр қабынуларға соқтырып, жоқ дегенде адамның көзі көрмей қалуы мүмкін. Асқынса, өлімге алып келеді – дейді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының жетекшісі, дәрігер Бақыт Түменова.
Заң бұзу дерегі ең алдымен Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының «кәсіпкерлері» үлесінде. Жер асты цехтар әсіресе, осы өңірлерде көп анықталады. Қаржылық мониторинг агенттігінде контрафактілік спирттің осы аймақтарда миллиондаған бөтелкесі тәркіленгенін растады. Ал қаншасы дүкен сөрелеріне шығып үлгерді?!. Сондай-ақ, бұлардан басқа, полицияның ақпаратында Қызылорда, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Шығыс-Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары да аталады. Осындай заңсыз әрі адам өміріне қауіпті әрекет-қимыл үшін миллиондаған айыппұл арқалауыңыз мүмкін.
Қазақстанда заңсыз спирт өндірушілер көбіне гараждарды, үлкен бастырмаларды және жертөлені таңдайды. Сарапшылардың айтуынша, арақты қолдан жасайтындар заң талаптарын сақтамайды. Тиісті сүзгілеу (фильтр) құрылғылары болмайды, санитарлық талаптар мүлде сақталмайды. Ал арақ құюға бос ыдыстарды қоқыс жәшіктерінен жинап алады деп отыр. Былтырғы жылы республика бойынша 187 сату орны тексерілген. Олардың барлығында дерлік заң бұзушылықтар анықталған. 783 литр жасанды маркалы алкоголь өнімі, 2,7 миллион қорап темекі өнімі тәркіленген. Қазір кәсіпкерлік нысанын тексеруге тиым, мораторий әлі күшінде. Дей тұрғанмен, заңнамадағы жекелеген өзгертулерге сай, егер адам өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрса, құзырлы орындар шағын және орта бизнес нысандарын тексере алады. Осы өзгеріске дейін, қолдан жасалған арақ өнімін тәркілеу де оңай болмапты.
Контрафакт түгелдей дерлік ұсақ сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде еркін саудалануда. Қанша дегенмен үлкен қалаларда тұтынушы талғамына, тексеруші органдардың жиі шоғырлануына, тағы басқа да ерекшеліктерге орай, оны бақылау аздап болса да, күшейтілген деуге келеді. Ал, тексерушілер сирек бас сұғатын ауылдық жерлерде, жағдай онша мәз емес. Оған өзіміз де көз жеткізгендей болдық. Жуырда «ҚазАлкоТабак» қауымдастығының өкілдерімен Түркістан қаласы мен облысы аумағында ішінара жүргізілген тексеру шараларының куәсі болдық. Сауран ауданының бір ғана шағын Иқан ауылындағы үш бірдей дүкеннен, Түркістан қаласындағы орталық базар ішінде орналасқан арақ-шарап саудалайтын үлкен дүкеннен маркасы белгілі компаниялардың жалған акциздік маркасы жапсырылған арақ өнімдері анықталды. Қауымдастықтың арнайы өкілдері контрафакт өнімін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы ойлап шығарған мобильдік жаңа «е-Sapa» қосымшасы арқылы анықтады. Қазір осы арқылы кез-келген азамат шыныдағы есептік-бақылау маркасы арқылы өнімнің заңды не заңсыз екенін біле алады дейді олар. Мамандар кейбір арақ сатушылар, не қолдан жасаушылар оригинал өнімдердің атауын жамылады, яғни сұраныстағы марканы пайдалатынын айтады.
Дегенмен тұтынушылар бір ғана қарапайым нәрсені білгені жөн. Мәселен, Қазақстанда 0,5 л арақ үшін 1000 (бір мың) теңге, ал коньяк үшін 1500 (бір мың бес жүз) теңге ең төменгі баға бекітілген. Бұдан 1 тиын арзан өнім шықса, ол 100 пайыз қолдан жасалған дей беріңіз. Жалған өнімде штрих-код көрінісінің өзі бояуы сапасыз келеді. Қолмен үстінен жай ғана үйкесеңіз, сүртіліп кете барады. Соңғы 6 айдың ішінде бір ғана Алматыда 8 цех жабылып, элиталы 110 мың шөлмек жасанды спирттік өнім тәркіленген. Алаяқтармен тауар өндірушілер де күресе бастаған. Ірі ресми өндіруші компаниялардың қауіпсіздік мамандары жасанды алкоголь өнімін білген заматта тиісті мемлекеттік органға хабар береді. Алайда контрафакт жасаушылар тек 15 тен 150 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл төлеумен ғана шектеледі екен. Жалпы, «ҚазАлкоТабак» қауымдастығы Экономикалық қылмыстарды тергеу мамандарымен бірлесе, контрафакт өнімдерін анықтау, оларды тәркілеу, жою жұмыстарына белсене араласып келеді. Алматыда жерасты цехтар, дүкендерден алынған жалған арақ өнімдерінен айтпағанның өзінде, биылғы жылы Шымкенттегі «Алаш» базары аумағындағы дүкен сөрелерінен ірі мөлшерде жалған акцизді, контрафакт өнімдері анықталғанын айта кетуге болады.
Сарапшылар баға төмендеген сайын, тауардың сапасы да төмен болатынын ескертеді. Қайда өндірілгені, тауардың құрамы жазылмаған өнімді тұтынушылар бар. Былтырғы 2022 жылдың өзінде жасанды арақтың саудалануы 25 пайыздан төмен түспеген, тіпті жекелеген кездері ол 40 пайызды құраған. Жылына қазақстандықтар 35 миллион литр котрафактілік алкоголь пайдаланады. Бұл әрине, біріншіден адам денсаулығына залал. Одан кейін салықтан жалтарған өнім үшін мемлекет те зардап шегеді. Ары-беріден соң, тауар өндірушілердің де қалтасын қағып, репутациясына нұқсан келтіреді. «ҚазАлкоТабак» қауымдастығы мәліметінше, негізінен Қазақстанда арақ пен коньяк көп қолдан жасалады екен. Шарап пен сыра одан азырақ. Дүкен сөресіндегі әрбір үшінші шөлмек – контрафакт. Ал 2016 жылы ол әр бесінші шөлмекті құраған. Яғни өсіп отыр. Ал тұтынушы жасы негізінен 60 жасқан асқандарды құрайды екен. Табысы аз, қалтасы көтермейтіндер контрафактіге көп ұрынады дейді.
ТҮЙІН.
Ата заңымызда ең басты құндылық адам және оның өмірі деп белгіленсе, өмірге қауіп келтіретін кез-келген теріс әрекетпен күресу – ортақ міндет. Ол үшін ең алдымен заң талаптары сақталуы керек. Президент соңғы кездері «Әділетті қоғам, заң үстем құрушы ел боламыз» дегенді жиі айта бастады. Ол елдегі Ата заңнан бастап, барлық сатыдағы заң талаптары жүзеге асатын, халықтың қауіпсіздігі сақталған, құқы қорғалған еркіндігі қамтамасыз етілген қоғамды айтып отыр. Бізде өзгенің еңбегі, өзгенің жасаған дүниесі, өзгенің тауар белгісі де заңмен қорғалған. Сондықтан оны бұзуға да, ұрлауға да ешкімнің құқы жоқ. Бұл – заң талабы. Баршаға ортақ, баршаға міндетті. Контрафактіде жалпы екі қауіп бар. Бірі тауар белгісін ұрласа, екіншіден жалған өнім арқылы адам ағзасын улайды. Ұрлау да, улау да заңға қайшы әрекет. Ал заңсыздыққа көп болып тосқауыл қойса ғана, нәтиже болмақ.
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
журналист-заңгер,
Шымкент қаласы.