КҮНБАҒЫС МАЙЫН ӨНДІРУ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

мұның бағаға әсері қандай?

Әлемдік геосаяси оқиғалардың ушығуы азық-түлік қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әуелгіде қантпен келген қымбатшылықтың салдарынан біраз дүрбелең орын алды. Әйткенмен ел Үкіметі осы уақыттан бастап шағын және орта кәсіпкерліктің қанат жаюына жағдай жасап, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. Арада көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де жаңа нарықтардың ашылуы мен ішкі нарықтағы сұраныстың көбеюінен бірқатар өнім түрлерін өндіру артып отыр. Тарқатайық…

Былтыр күнбағыс майының экспорты 230 мың тоннаға жеткен еді. Биыл көрсеткіш артпақ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің сөзіне сенсек, өсімдік майын өндіретін 70 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы азық-түлік өнімдері көлеміндегі үлесі 8 пайызды құрап отыр. Елімізде өндірілген өсімдік майымен қамтамасыз ету деңгейі 141 пайыз шамасында. Ведомство басшысы күнбағыс экспортына қатысты қабылданған шектеу шаралары есебінен отандық өңдеу кәсіпорындары шикізат қорымен қамтылатынын айтады.
Өз кезегінде, өнім өндіру көлемінің артуы ішкі нарықтағы бағаның тұрақтануына сеп болмақ. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майын өндіру көлемі 62 пайызға, яғни 331,9 мың тоннадан 537,1 мың тоннаға дейін өскен болатын. Нәтижесінде жыл басынан бері бұл өнім бойынша ішкі нарықтағы баға 8,3 пайызға төмендегені байқалып отыр. Бұл ғана емес отандық өнім экспорты да артқан. Нақтырағы, өткен жылы 229,4 мың тонна өнім шетке сатылған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,7 есеге жоғары.