ТҮЛКІБАС: БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түлкібас ауданында өткен жылы жұмысын бастаған «Нұрсәуле фрудс» ЖШС балық шаруашылығын дамытуға бел буып, сазан, ақ амур, дөнмандай, форель балықтарын өндіруді көздеп отыр.
Бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген балық уылдырықтарының 3 млн 200 мың данасын Құлан су қоймасы мен жанынан өздері соққан жасанды бассейндерге жіберген. Кәсіпкерлік нысанда 14 адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған серіктестікке аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы барып, бүгінгі жұмысымен танысты. Әкімдік тарапынан қолдау сұраған кәсіпкерге аудан басшысы заң талаптарына сай барлық көмектер көрсетілетіндігін айтып, жауапты бөлім басшысымен бірге тиісті құжаттарын дайындап, ұсыну керектігін жеткізді.
Айта кетейік, аудан көлемінде соңғы 3-4 жылда балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын Арыс ауылдық округіне қарасты бірден-бір балық шаруашылығын дамытушы «First Fish Company» ЖШС ғана жұмыс істеп келсе, бүгінгі таңда аудан көлемінде 12 шаруашылық өзінің жеріндегі өзен, көлдер мен жасанды тоғандарына балық шабақтарын жіберіп, балық өсірумен айналысуда. Осы күнге дейін 28,5 га жер теліміндегі тоғандарға 3,5 млн шабақ жіберілген.