1800-ДЕН АСТАМ ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСҚАН

Елімізде жастардың жан-жақсы дамуы үшін көптеген бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүруде. Бұдан бөлек, кәсіп ашып, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар да жеткілікті. Мәселен, үшінші мегаполисте екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы өткізілуде. Нәтиже де жоқ емес.

Жалпы Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ қаламыздағы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларын тұрақты түрде жүргізіп отырады. 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша 3 137 мекемеден 10 318 бос жұмыс орындарына өтінімдер қабылданып, бекітілген. Жоғарыдағы бос жұмыс орындары бірнеше бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 6 180 орынға, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 4 050 орынға, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша 88 орынға бос жұмыс орындары жарияланған.
Бекітілген бос жұмыс орындарына азаматтарды жұмысқа орналастыру шаралары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Жыл басынан аталған жобалар бойынша 1 806 азамат жұмысқа жолданды. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 8 510 бос жұмыс орындары өз қызметкерлерін іздеуде. Оның ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 5 280 бос орын, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 3 155 бос орын, «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламасы бойынша 75 бос орын қарастырылған.
Аталған бағдарламалар — оқу орнын жаңа аяқтаған жас мамандардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік.Бос жұмыс орындары тізіміне сәйкес, педагогика, медицина, техникалық мамандық иелері және кәсіптік даярлықты қажет етпейтін мамандар сұранысқа ие болып отыр. Еске сала өтейік, қаламыздың жұмыс іздеуші азаматтары тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, бос жұмыс орындарына жолдама ала алады.