ӨЗ ІСІНЕ АСҚАН ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ЖАНДАСАТЫН ЖАН ТУРАСЫНДА БІРЕР СӨЗ
Қоғамның дамуы, елдің гүлденуі үшін әрбір азамат еңбек етуі тиіс. Ал ол үшін еңбек адамының бейнесі қоғамда кеңінен насихатталуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында саналы ғұмырын белгілі бір кәсіпке арнап, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген жандар жетерлік.
Өз кезегінде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еңбек адамының бейнесін кеңінен насихаттауды әр сөзіне тұздық етіп келеді. Мәселен, өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел Президенті былай деген болатын «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды». Осы орайда, бүгінгі материалымызда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген кәсіби маман турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Үшінші мегаполистегі Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағында 30 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер бар. Соның бірі – Долгова Райса Абдуракипқызы. Маманның жануарларға қарап жүргеніне биыл 36 жылға жуықтады. Алғаш қызметін 1987 жылы 22 жасында зообақтағы «Орнитология» бөлімінде зоотехник қызметінен бастап, 1998 жылдан бері қарай осы жерде «Террариум» бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жұмыстың барысы күнделікті жануарларды тексеруден өткізіп, олардың азықтарын беріп, ауырған жануарларды ветеринарлық дәрігерлермен бірге емдеу шараларын жүргізеді. Террариум бөлімінде жұмыс істеу қауіпті, бір жағынан қызық. Бұл жөнінде «Маған жануарлармен жұмыс жасау қатты ұнайды. Олар аялы қолды, жылуды қатты сезеді, сондықтан мен үшін қауіпті емес. Зообақтағы әр бір жануардың амандығы, олардың жағдайы біздің бақылауда, яғни «Террариум» бөлімі жауапты. Осы салада еңбек еткен 36 жылым үшін өкінбеймін, өйткені әр күнім қызық. Сүйікті іспен айналысу деп осыны айтады» дейді маман.
Өз жұмысын жауапкершілікпен, ұқыптылықпен және жануарларға сүйіспеншілікпен қарайтын Райса Абдуракипқызына қызметте табыс, отбасыңызға амандық тілейміз. Еңбегіңіз жемісті болсын!