ЖАҢА ЖОБАЛАР ӨНДІРІСТІҢ АРТУЫНА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік барын айтқан болатын. Нақтырағы, өз сөзінде «Энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар. Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз» деді ел Президенті. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполистің әлеуеті жоғары.
Бүгінде Шымкенте мұнай өңдеу өнімдерін өндіру бойынша 14 кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың қатарында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және «HILL Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС – республикадағы мұнай өңдейтін үш зауыттың бірі. Ірі кәсіпорында автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған газ, қыздырғыш мазут, вакуумдық газойл өндіріледі. Зауыттың өндірістік қуаты жаңғыртудан өткеннен кейін өнім көлемі ұлғайып, жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Мұнда қазір 1800-ден астам адам жұмыспен қамтылған.
Ал «HILL Corporation» ЖШС майлау материалдарын өндірумен айналысады. Кәсіпорын моторлы, трансмиссиялық, компрессорлық, газ, турбиналық жағармай материалдарын және өзге де пластикалық майларды шығарады. Зауыт жылына 100 мың тонна майлау материалдарын, 28 мың тонна пайдаланылған майларды регенерациялауға және 1500 мың тонна майлау материалдары шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Сонымен қатар алдағы 2023-2026 жылдары қала аумағында мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдейтін 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Жекелей тоқталсақ, «Hill Resources» ЖШС – негізгі майларды өндіреді. «Алмэкс Полимер» ЖШС ұнтақты полипропилен өндірумен айналысады. Аталған жоба 2023-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасына қосылды. Бұдан бөлек, «Эколайф Астана» ЖШС құрамында мұнай бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жарату зауытын салады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан жер телімін алу бойынша инвестор тарапынан тиісті құжаттар ұсынылып, өңірлік үйлестірушілер кеңесінің оң қорытындысын алды. Қазіргі таңда, аталған жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілуде.