КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» экономикаға көшу және көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізу үшін батыл шешімдер қабылдау керегін жиі айтып келеді. Жуырда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да дәл осы бағытқа айрықша тоқталды. Нақтырағы, мемлекет басшысы Үкіметке ұлттық экологиялық стандарттарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, өндіріс орындарының зиянды шығарындыларын азайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою және эрозияға ұшыраған жерлерді қайта қалпына келтіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында қолға алынған жұмыстар көп. Бастамалардың жай-жапсары турасында жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов тарқата баяндады. Спикердің сөзінше, бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қалдықтарды көму жұмыстары 100 пайызға аяқталған. Аталған бағыттағы жұмыстарға жалпы 24 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ экологиялық талаптарды сақтай отырып төселген.
Шымкент қаласындағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет екендігі бәрімізге мәлім. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы аумағында қалдықтарды өңдеу зауытын салуға Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсіп жатыр. Қытай компаниялар қалдықтарды өртеу зауытының құрылысын салуды ұсынса, германиялық компания полигон салу үшін заманауи материалдарды ұсынуда. Ал испандық «AUDITORES ENERGETICOS AFN» компаниясынан коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізу бойынша ұсыныс келген. Компания өкілінің ақпаратына сәйкес, AEN технологиясы экология бөлігінде бірқатар артықшылықтарға ие. Бұл – «Нөлдік қалдықсыз цикл» деп аталатын процесс. Ұсынылған материалдар бойынша технология электр энергиясын өндіре отырып қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы қалдықтарды қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның құны — шамамен 200 миллион еуроны құрайды.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласының аумағындағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті. Қазіргі таңда, әр ауданның мемлекеттік-жекешелік әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, тұрақты 2400-ге жуық жұмыс орындары ашылып, қаланың санитарлық тазалығын қамту, көше жуу, қар күреу сынды жұмыстарға жаңа арнайы 150 техника тартылады. Сондай-ақ жоба аясында жасыл екпелерді суару жұмыстарын жандандыру мақсатында 440 бірлік су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілмек. Гүл егу жұмыстарына тоқталатын болсақ, 2023 жылы қаланың көрікті жерлеріне 1 млн дана қызғалдақ егілген болса, жаздық бір жылдық әсем гүлдер саны 750 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар күз айларында гүлдейтін көпжылдық 100 мың түп гүл қаланың орталық көшелері мен гүлзарларына егіледі. Жалпы алғанда 2023 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша қала аумағында 1 млн 750 мың түп гүл егілген. Қаламыздың символына айналған қызғалдақ гүлдерінің санын 2024 жылдан бастап әр жылы 500 мың түпке дейін өсіру жоспарланып отыр. Осы арқылы қаламыздың шалғай орналасқан елді мекендеріне көрік беру көзделуде.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Шымкент қаласының аумағына жалпы 200 мың түп ағаш көшеті егіледі. Оның ішінде, 110 мыңға жуығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында болса, қалған 90 мың түп ағаш демеушілік және жаппай сенбіліктер өткізу арқылы егіледі. Ағаш түрлері мен нақты санын айқындау мақсатында жаңа технологиялар мен білікті мамандардан құралған топ құрылып, қала аумағындағы барлық жасыл екпелерге түгендеу, паспортизациялау бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама артықшылықтарына тоқталатын болсақ, әр талдың түрі, биіктігі, жас мөлшері, қазіргі жағдайы және орналасқан орны бойынша мәлімет енгізіледі. Осы арқылы құрылысы жүргізілетін инфрақұрылым объектілері мен күрделі құрылыс нысандарын жүргізу барысында ағаштардың бей-берекет кесілуіне жол берілмейді.
Сонымен қатар Шымкент қаласы аумағында жалпы ұзындығы 313,1 шақырымды құрайтын 34 канал бар. 2021-2022 жылдары ауыл шаруашылық масатында пайдаланып отырған Көк, Чумчак, Шапырашты, Сай, Шымкент каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі. Аталған каналдардың қайта құрудан өткен бөлігінің жалпы ұзындығы 41,8 шақырымды құрайды. Осы арқылы, 2206 Га жер мен 4170 үй іргелік жерлер ағын сумен қамтылады. Қорыта айтқанда, үшінші мегаполистегі қоқыс мәселесінің шешіліп, жасыл желектің қатары қалыңдайтын күн алыс емес…