АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ…

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында дәл осылай деген болатын. Өз кезегінде, елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, шымкенттік ақ халаттылар дертіне шипа іздеген жандарды емдеумен қатар, адам саулығына теріс әсер беретін әрекеттердің алдын алуға бағытталған шараларды да ұдайы өткізіп келеді. Тарқатайық…

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы — өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Ал Қазақстанда шылымның кесірінен жылына 18 мың адам көз жұмады екен. 31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. Осыған орай, үшінші мегаполистегі Психикалық денсаулық орталығында ашық есік күні өтті. Орталықтың нарколог-дәрігерлері темекінің, вэйптар мен кальянның зияндылығы туралы баяндамалар оқып, «жастар арасында профилактикалық жұмыстарға қалай көбірек көңіл бөлу керек» деген тақырыпта пікірталасты. «Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер онымен күреске бар күшін салып келеді. Қазірде студенттер, жастар, тіпті оқушылар кальянды сәнге айналдырған. Ол кез келген қыдыру мен демалыстың сәніне айналды десек артық айтқандық емес. Ол аздай вэйп тарту белең алды. Тіпті, оны зиянды әдет санамайтындар, баласының, қызының ерте құмар болғанына көңіл бөлмейтіндер де бар» дейді орталық дәрігері Раушан Асанқызы.
Сонымен бірге дәрігер темекі шегетіндерді көптеген аурулар мазалап, әсіресе олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бала туу қабілетінің төмендеуі, жатырдан тыс жүктілік қаупінің жоғарылауына әкеліп соғады. «Ал жүктілік кезінде темекі шегу әртүрлі дәрежедегі ұрықтың гипоксиясына, құрсақішілік инфекцияға, иммун тапшылығына, нәрестенің өліміне әкеледі екен. «Қазіргі уақытта нашақорлық пен шылымқорлық қоғамдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Біздің мекеме мамандары мен қаладағы наркологиялық орталықтар, дәрігерлер үнемі тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. 26 мамыр мен 26 маусым аралығы – нашақорлықпен күрес айлығы. Осы айлық аясында жастар арасында түрлі челлендждер, спартакиадалар, тимбилдингтер өткізу жоспарда бар. Мақсатымыз жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру» дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қарбеков.
Жиынға «Ренессанс Шымкент» наркологиялық орталығынан да маман келіп қатысып, шылымқорлықпен күрестің бірден-бір жолы темекіні тұтынуға қатысты заңнаманы қатаңдату екенін алға тартты.