ДИҚАНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ТҮЙТКІЛ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

Қазіргі таңда Жетісай ауданы бойынша егістік алқаптарда егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын суғару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әйтсе де бүгінгі таңда шаруалардың ағын суға деген сұранысы 26,5 м3/сек болғанымен, нақты келіп жатқаны 19,3 м3/сек құрап, егістік алқаптарға бекітілген 663 млн м3 ағын су лимитінің 244,49 млн м3-ы ғана алынғаны белгілі болып отыр.

Жалпы ауданда ағын судың жетіспеушілігі 10 мамырдан бастап сезіле бастаған. Сол кездегі шаруалардың ағын суға сұранысы 17,30 м3/сек болған болса, нақты келгені – 12,2 м3/сек. Бүгінгі күнге аудан бойынша 22 мың гектардан астам алқапқа бақша және көкөніс дақылдары егілген. Қазіргі таңда 656 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 5,5 мың гектардан астам алқапқа егілген көкөніс және бақша дақылдарына ағын су көлемі жетіспеуде. Аудан аумағындағы «Достық» каналы бойында орналасқан Қызылқұм, Абай, Ж.Ералиев, Мақталы ауылдық округітеріне ағын су тиісті деңгейде бармай, күрмеулі мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар Жылысу, Атамекен ауылдық округтерінде де диқандар ағын судың тапшылығын айқын сезіп отыр.
Дегенмен қазіргі таңда жергілікті әкімдік қол қусырып отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы билік пен «Қазсушар» РМК ТФ басшылары тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, аудан басшысының тапсырмасымен Мақталы ауылдық округіндегі К-27 каналына 350 м3/сек және К-34 каналына 200 м3/сек насостар қойылып, шаруаларға ағын су жеткізіп беру жұмыстары қолға алынған.