ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА БІРҚАТАР БАСТАМА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

Еңбек адамының құқығын қорғау, еңбек саласындағы саясатты тиімді жүзеге асыру және қоғамдағы әрбір жұмысшының жан-жақты дамуына жағдай жасау – кәсіподақтың желкесіне жүктелген негізгі міндеттер саналады. Осы орайда, Шымкент қаласында аталған салада атқарылып жатқан жұмыстар көп. Жуырда өткен жиында бірқатар маңызды міндеттер мен бастамалар талқыланған болатын. Осы тұста тарқата баяндайық…

Өткен аптада «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы Әл-Фараби кітапханасында өтті. Жиынға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, әлеуметтік әріптес — Қаратау ауданы әкімі Рахымберды Мүлкеманов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұймының төрағалары, АКБ қызметкерлері мен Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясына «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру, 2023 жылға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша үміткерлерді ұсыну, «Еңбек жолы» конкурсына кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету, Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандырып-жүргізу, Астана қаласында өткен Орта Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесінің отырыс-форумында көтерілген мәселелер қаралды.
Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған Бауыржан Ілімшаұлы салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағаларына Федерацияның тапсырмасы негізінде 2023 жылдың 15 маусымына дейін «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру керектігін жеткізді. Көшпелі отырыста қаралған келесі мәселе бойынша «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек кеңес мүшелеріне еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатындағы «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша белсенді кәсіподақ мүшелерін мекеме атынан үміткер ретінде ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін ұсынуды тапсырды. Жиында көтерілген үшінші мәселе бойынша «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова өңірдегі Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандыру мәселелері, яғни кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіріп, еңбек жанжалдарының алдын-алу мәселеріне тоқталып өтті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы 19 мамыр күні Астанада ОАЕКК Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жетекшілігімен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы туралы баяндап, форум аясында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталды. «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттері бірыңғай демалыс орындарының хабын ашып, енді өзара кәсіподақ арқылы еңбек адамын сауықтыру мақсатында турист алмасатын болады. Бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына және туризмді дамытуға сеп болмақ. Қазіргі таңда шекаралас Өзбекстан елінде 7 мың орынға шақталған заманауи 31 шипажай жұмыс істейді. Қабылданған шешімнің нәтижесінде, биыл 4 мыңнан аса қазақстандық кәсіподақтар арқылы Өзбекстанның шипажайларына жолдама алуға мүмкіндігі бар» деді Бауыржан Ілімшаұлы.
Көшпелі отырыс соңында мәжіліске жиналған Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері өңірдегі кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестері үшін марапатталды. Сонымен қатар Үйлестіру кеңесінде көтерілген мәселелер кеңес қатысушыларының назарына алынып, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары өз ұсыныстарымен бөлісіп, жүктелген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ететінін жеткізді.