ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 8 МЫҢНАН АСА ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН
Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар игі бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз грант және жеңілдетілген несиеден бөлек, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға арналған өзге де шаралар жеткілікті. Бүгінде шымкенттік жастар аталған бастамалар аясында жұмысқа орналасуда.
Мәселен, Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Нәтиже де жақсы. Тарқатар болсақ, биылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғандар саны 8 319 адам санына жетті. Оның ішінде 156 жас skills.enbek.kz/kk платформасында талап етілетін дағдырлар арқылы онлайн-оқытылды. 129 жас әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. 768 жас жастар практикасына, 1289 жас қоғамдық жұмыс орындарына, 652 жас алғашқы жұмыс орнына жіберілсе, 9 жас «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша жұмысқа тартылған. 3 594 жас business.enbek.kz/kk «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, сетрификатқа ие болса, 47 жасқа комиссияның қорытындысына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік грант берілген. Бұдан бөлек, 1 675 жас бос жұмыс орындарына жолдамамен жолданды.
Айта кетейік, Шымкент қаласының жұмыс іздеуші жастары тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.