ПРОБАЦИЯ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар ұдайы өткізіліп келеді. Осы орайда, өткен аптада Халықты жұмыспен қамту орталығында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар мен Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру» тақырыбы аясында жиналыс өткізілді.

Жиынға Әл-Фараби, Абай, Еңбекші және Тұран аудандарының прокуратура өкілдері және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары қатысты. Сонымен қатар қалада орналасқан «Транстелеком» АҚ, «Жасыл Жер» ЖШС, «Азимут Энерджи Сервисиз», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС, «Лидер Инвест Строй» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ және басқа да жұмыс беруші мекемелердің мамандары да төбе көрсетті. Тараптар сотты болған азаматтардың жұмыспен қамтылу, жұмыс берушілердің бөлінген квотаны орындау жағдайын және осы сұрақтар аясындағы проблемалық сұрақтарды талқылады. Бас қосуға «Халықты жұмыспен қамту» орталығының 4 аудандық бөлімшесінің жауапты мамандары толық құраммен қатысты.
Айта кетейік, 2022 жылы жұмыспен қамту орталығының белсенді шараларына, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 132 адам қамтылып, жұмысқа орналасты. Оның ішінде квота бойынша 81 адам жұмыс тапқан. Яғни пробация қызметінде тіркелгендерді қоғамға бейімдеу, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп олардың тұрмыстық әлеуетін жақсарту мақсатында арнайы квота бекітіледі.