МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР МЕН ТҮЙТКІЛДІ ТҮЙІНДЕР ТАРҚАТЫЛДЫ
Медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Әсіресе, пандемиядан кейін аталған салаға айрықша көңіл бөлінуде. Өз кезегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы Жолдауында денсаулық сақтау ісіндегі қызмет көрсету сапасын арттыру міндетін жүктеген болатын. Осы орайда, өткен аптада ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек баспасөз брифингін өткізіп, бірқатар маңызды сауалдарға жауап берді.
Спикердің сөзінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 1 162 238 тұрғынның әлеуметтік медициналық сақтандырылғандар саны 930 900 болса, сақтандырылмаған азаматтар 231 338 құрап отыр. Айта кететіні, сақтандырылмағандар халықтың ішінде жұмысшылар, азаматтық құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс жасаған тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлемдерін жүргізгендер мен әріқарай дербес төлеуші болғандар мен басқа да тұлғалар бар. Соңғы 12 айда МӘМС-ке төлемдер түспеген тұлғалар саны 164 148 құрайды.
Өз кезегінде, аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Мәселен, Шымкент қаласында әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру барысы бойынша ағымдағы жылдың 4 айында халық арасында 227 кездесу ұйымдастырылып, 4 915 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 1 274 азаматқа кеңестер берілген. 3814 көрнекі ақпарат таратылған және ілінген. Сонымен қатар 192 аудио және 194 видео роликтер көпшілік орындарда көрсетілуде. Осы жылдың 1 тоқсанында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша жедел өзара іс-қимыл жөніндегі алқа мәжілісінің отырысы да өткізілген. Нәтижесінде 2022 жылды бүгінгі күнмен салыстырлғанда қала тұрғындарының саны 1 111 815-ден 1 162 238-ге өскен, оның ішінде сақтандырылғандар саны 883 271-ден 930 900-ге өскен, яғни 2022 жылдың 1 сәуірінен осы күнге дейін 47 629 адам сақтандырылған.
Бұдан бөлек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалы тарапынан тұрғындардың медициналық қызметтерге қолжетімділігіне жыл бойы ұдайы мониторинг жүргізілуде. Мониторинг жұмысының нәтижесі туралы бас дәрігерлердің қатысуымен өткізілген штаб отырыстарында бірнеше рет талқыланды. Салыстырмалы түрде алғанда медициналық қызметті негізсіз ұзақ күту мәселелері 2022 жылмен салыстырғанда оң динамикада. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтар айына тұрғындарға 3409 КТ/МРТ қызметінің 3405-і немесе 99,9%-ы алғашқы 3 күн ішінде көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 90,6%-ды құраған болатын. Сұранысқа жиі ие бейінді мамандардың кеңестері (кардиолог, гинеколог, невропатолог, пульмонолог) мен зерттеулер (рентген, УЗИ) бойынша жалпы 73 602 қызметтің 73 587-і, яғни, 99,8%-ы алғашқы 3 күнде көрсетілсе, 2022 жылы 66 258 қызметтің 6050-і, яғни, 90,6%-ы көрсетілген.
Жалпы мемлекет денсаулық сақтау саласын қаржыландыру бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындауда. Шымкент қаласы бойынша тегін медициналық көмек 59,6 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылған. Қазіргі кезеңде міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мемлекеттің рөлі маңызды. Себебі мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалық міндетті медициналық сақтандыру аясында жарнаның барлық кірістерінің саны, Шымкент қаласы бойынша 15 санатқа кіретін азаматтар санының 60%-ын құрайды. Ал қала үшін 50,1 миллиард теңге.
Жиын барысында Сәбит Раймбекұлы «МӘМС-ті алып тастасақ, одан кім ұтады? МӘМС жүйесінің еңгізілгеніне үш жарым жыл болды, осы мерзімнің ішінде 2 жыл коронавирустық пандемия орын алды, яғни нақты жұмыс жасап жатқанына 1,5 жыл болды. «Жүйені жою — ол қайта құру емес», біз МӘМС жүйесін енгізуге 10 жылдан бері жұмыс жасаудамыз, бұл әлемдік тәжірибе және оның негізгі мақсаты халықтың осал топтарының балалардың, зейнеткерлердің, мүгедектердің және өзге азаматтардың денсаулығын қорғау» деп атап өтті.