АЛА ШАПАНДЫ АҒАЙЫН АЛДЫМЫЗДЫ ОРАП КЕТТІ

шағын және орта бизнеске қолдау көп, әйткенмен көрсеткіш әлі де төмен

Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі драйвері. Өйткені дәл осы сала әлеуметті жұмыспен қамтуда үлкен рөл атқарады. Шағын және орта бизнес халықтың қаражатын айналымға шығарып, монополиямен күресуге көмектеседі. Бәсекені күшейтіп, біз мақсат етіп отырған азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуге ықпал етеді. Айта берсек, тізімді толықтыра беруге болады. Дегенмен мақсат бұл емес. Еліміздегі аталған саланың әлеуеті қандай? Көрші елдердегі көрсеткіштерден қалып қойғанымыз жоқ па? Тарқатайық…

Жалпы бұл саланың экономиканы тұрақтандыра алатын қауқары бар. Өйткені шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс бағытын басқа жаққа жедел ауыстырып, әлемдік өзгерістерге тез бейімделе алады. Сондықтан елімізде бұл саланы дамытуға айрықша қолдау көрсетіледі. Оның қатарында қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несие беру бастамалары бар. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, аталған саланың жаһандағы ықпалы жоғары. Әлемдегі күллі кәсіпорындардың 90 пайызы микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатады. Бұл ғана емес, жаһандағы барлық жұмысшылардың 70 пайызы өз нәпақасын осы саладан тауып отыр. Ал ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 50 пайыздың шамасында. Осының өзі-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек.
Мемлекет тарапынан қыруар қолдау көрсетілгенімен, шағын және орта бизнестің біздегі үлесі әлі де жоғары емес. Тарқатар болсақ, Қазақстанда шағын және орта бизнес әлі де даму үстінде және сектордың көрсеткіші әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Ал дамыған елдермен салыстыратын болсақ, айырмашылық одан да көп. Алысқа бармай-ақ қоялық. Оңтүстіктегі Өзбекстанмен салыстырғанның өзінде төмен көрсеткішке иеміз. Мәселен, біздегі шағын және орта кәсіпкерлік секторы ішкі жалпы өнімнің 36,5 пайызын құрайды. Ал ала шапанды ағайында бұл көрсеткіш 50 пайыздың шамасында. Дегенмен елімізде сектордың дамуында оң динамика байқалады. Мәселен, 2022 жылы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі бір жылда 3,2 пайыздық тармаққа өскен. Ал жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша, бір жылда 31,6 пайызға өсіп, 2 млн-ға жеткен.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі драйверлерінің бірі – цифрландыру. Мәселен, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының айтарлықтай өсуі интернетті пайдаланатын ұйымдар санының өсуімен сәйкес келеді. Мәселен, бір жыл ішінде олардың саны 16,3 пайызға өсті. Бұл саланы цифрландырудың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар ел банктері ұйымдарға электрондық қызметтер арқылы көптеген мүмкіндіктер беріп отыр. Бұл кәсіпкерлік қызметті айтарлықтай жеңілдетеді. Шағын және орта бизнеске арналған екінші деңгейлі банктердің цифрлық қызметтерінің танымал болғаны сонша, ірі банктер осы мақсат үшін жеке қызметтер мен мобильді қосымшаларды жасап шығарды. Мысалы, ең танымалдардың бірі – Jusan Bank-тің бизнеске арналған Jusan Business интернет-банкинг көптеген онлайн қызметтерді ұсынады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлікті тіркеу, шот ашу, несие, депозит, бизнесті сақтандыру және инвестицияларды басқару, сондай-ақ басқа да көптеген қызметтер мен мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ кассирлерге арналған Jusan Tole қосымшасы, интернет-банкинг және карта немесе QR арқылы төлемдерді қабылдауға және тауарларды сатуға мүмкіндік беретін POS терминал бар. Одан бөлек онлайн есеп пен салық есебін жасау сияқты қызметтер де бар. Мұндай цифрлық шешімдер шағын және орта бизнестің жылдам қарқынмен дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Өз кезегінде, саланың дамуына бюрократия, кәсіп ашудағы және оны заңды түрде жүргізудегі қиындықтар сияқты факторлар кедергі келтірді. Сонымен қатар қазір технология барлық кезеңдерді жеңілдеткендіктен, шағын және орта бизнестің онлайн режимге көшуі көлеңкелі экономиканы азайтуға оң әсерін тигізуде. Егер бұрын бизнес ашу үшін көп уақыт, ақша және күш қажет болса, қазір барлығы интернет арқылы бірнеше минутта, шығынсыз және уақыт жоғалтпай жасалады.
Ал аталған салаға қолдау көрсету әрі қарай жалғасын таппақ. Қолдау шаралары жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенатта өткен Үкімет сағатында тарқата баяндаған болатын. Ведомство басшысының сөзінше, биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестицияланады. Бұл өткен жылдың қорытындысынан 22 пайызға артық. Шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 116-ға ұлғайтылды. Қызметтің бірқатар басым түрлері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды. Бизнестің жол картасын қаржыландыру 224 млрд теңгеге дейін артты. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделуде. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.
Қош делік, сала дамып, мүмкіндігі артса, әлеуметтің әлеуетіне де айрықша әсер етер еді. Ішкі нарықта бәсеке күшейсе, қымбатшылықты құрықтау да жеңілдей түспек. Десе де мемлекет бөліп жатқан қаржыға бақылауды күшейту ауадай қажет. Әйтпегенде бөлінген миллиардтардың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.