ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒЫП ЖҮРМЕСІН

Алдағы уақытта әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұл жайында бас прокурор Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

Нақтырағы «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару жəне жаңғырту жолы» атты Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын жəне медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру аясында «Онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама туралы» заң жобасы əзірленген. Ол бүгінгі күні мемлекеттік органдармен келісілген жəне Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің қарауында» делінген Бас прокурор жауабында.
Оның атап өтуінше, заң жобасының негізгі мақсаты — онлайн-жарнамалар, сондай-ақ онлайн-платформалар қызметтерінің құқықтық негіздерін айқындау. Аталған заң жобасында инфлюенсер (блогер) – айқындалмаған тұлғалар тобына арналған жəне өз мақсаттары мен өзге де қоғамдық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, оның ішінде қоғамда жекелеген пікірлерді қалыптастыруға ықпалы бар ақпаратты онлайн-платформаларда тарататын адам ұғымы енгізілуде. Жалған ақпараттың таралу фактілері кең тарала бастағанын ескере отырып, егер бұл əрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-əрекет белгілері болмаса, айыппұл түріндегі санкцияны айқындай отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін əкімшілік жауаптылықты белгілеу жоспарлануда. Қош делік, таяқтың екі ұшы бары белгілі. Заң қолданысқа енсе, шындықтың бұғаулануы да бек мүмкін. Өйткені бүгінде шындықтың өзін дәлелдеу қиын…

Ж.БАЛАУСА.