«ОҢТҮСТІК» АЭА-ДА 2,5 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛҒАН
«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бірнеше басым бағытты қамтиды. Оның қатарында өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру мен халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру сынды маңызды бастамалар бар. Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов атап айтқан болатын. Өз кезегінде, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері қарастырылуда.
Жалпы аталған бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Өз кезегінде, Шымкентте аталған жобаны жүзеге асыруда индустриалды аймақтардың берер мүмкіндігі мол. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кезекті рет «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын аралады. Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлік-коммуналдық жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін де экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір.
Қала басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Шабитекс» ЖШС әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады. Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталып өтті.
Жалпы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 млрд теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған. Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан, аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Мұнда инвестиция көлемі 398 млрд теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады. Нәтижесінде қалада екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін жүздеген жұмыс орындары құрылмақ.
Бұдан бөлек, Мұрат Әйтенов «Жұлдыз» арнайы индустриалдық аймағында болып, нысанның инфрақұрылымдық жұмыстарымен танысты. Жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа аймақ 2021 жылы ашылып, қазір экономикалық алаңның 121 гектарына жоспарға сай инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы Мұрат Әйтенов биылғы жылдың 6 шілдесіне дейін инвесторлар үшін жоспарға сай электр желісі, су, табиғи газ, кәріз жүйесі тартылып үлгеруі қажет екенін айтып өтті. «Инвесторлар бізге сеніп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан оларға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіспіз» деген қала басшысы инфрақұрылым жүргізіп жатқан мердігер мекемелермен ғана емес, инвесторларды да сөзге тартып, олардың тың жобаларын тыңдады. Сонымен бірге қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына инвестициялық жобаларға қатысты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе құрылысын бастаймын деген жобаларды сүйемелдеп, қажетті рұқсатнама құжаттарын алуға жәрдемдесу, жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуына көмектесу, жосықсыз жобаларды арнайы экономикалық аймағынан шығарып, орнына приоритетті жобаларды кіргізу керектігін айтты.
Айта кетейік, екі жыл көлемінде «Жұлдыз» индустриалдық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласы бойынша 147,2 млрд теңгені құрайтын 42 жоба әзірленді. 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асатын осы жобалардың аясында 4 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд теңге құрайтын, 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу жоспарлануда.