ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН ДАМЫТУ БАСТАМАЛАРЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Жалпы еліміз үшін отбасы институты мемлекеттік маңызды тірегі, ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлшегі саналады. Сәйкесінше, жыл сайын Үкімет тарапынан ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқатын көтеру мақсатында заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейтудің жолын қарастырып, алдына міндет етіп қояды. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктер тарапынан да қыруар іс атқарылып, қоғамдағы отбасы институтының маңызы мен мәнін арттыру бағытында бастамалар көтеріліп жататыны жасырын емес.

Жуырда осындай шаралардың бірі Шымкент қаласында өтті. Нақтырағы «Отбасы – Отанымның тірегі» атауымен отбасы институтын дамыту мақсатында форум өтті. Қоғамда басты құндылықтарды арттырып, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау үшін ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, отбасы институтын қолдау мен нығайту мәселеріне тоқталды. Өз сөзінде шаһар басшысы «Отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейді. Сондықтан, отбасы институтын қолдау тек мемлекеттің, мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттен қаншама қолдау болғанымен адам өз отбасын сақтап, дамытуда жауапкершілік сезінбесе, миллиардтап бөлініп жатқан қаржы мен мемлекеттің қамқорлығы түкке де тұрмайтынын түсінуіміз қажет. Баршамыз күш біріктіре отырып, жас ұрпақты өз отбасына жауапкершілікпен қарайтын азамат етіп тәрбиелеп шықсақ, нағыз үлкен жетістік сол болмақ. Өйткені, отбасына жауапкершілікпен қараған азамат Отанына да адал қызмет етеді» деп атап өтті.
Форумға «Мерейлі отбасы» жобасының қатысушылары, аудандардың үздік отбасылары, жаңадан шаңырақ көтерген жастар қатысты. Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында отбасы институтына қатысты проблемалар ашық талқыланды. Маңызы айрықша іс-шараға арнайы шақырылған спикерлер мен зиялы қауым өкілдері Б.Тұрғараев, М.Алиев, Ғ.Қалыбаевтың үлгі-өнегелері мен жастардың тәрбиесіне қатысты пікірлері, салиқалы ойлары ортаға салынды. Сондай-ақ қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттауда, отбасы институтын дамытуда туындаған өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар сарапқа салынды. Форум аясында қала тұрғындарының үздік отбасы болуға деген ынтасын арттыру үшін «Үздік Отбасы» премиясы тағайындалды. Салтанатты жиын сахна саңлақтарының ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ән шашуына ұласты.
Айта кетейік, елімізде жауапты министрлік тарапынан да отбасы институтын дамыту бойынша бірқатар игі бастамалар көтерілуде. Мәселен, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын жүргізу мақсатында «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Алғаш рет база құрылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұрғындарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілді. Отбасылық соттар жұмысы күшейді. Осылайша, бірінші кезең өзінің мәресіне жетіп, жетістіктерге қол жеткізілді. Құжаттың екінші кезеңі 2020-2022 жылдарды қамтыды. Бұл жылдары «Отбасы институтын нығайту заңнамалары жетілдірілді. Әр облыста «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылып, жастар арасында репродуктивті денсаулықты жақсарту мақсатында жедел желі іске қосылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік отбасы картасын әзірлеп, іске қосты. Ал үшінші кезең, мінекей, келер жылдан басталып отыр. Бұл тұжырымдама аяқталғанға дейін жалғаспақ. Алдымыздағы кезеңде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыру жоспарлануда.