ЖАҢА ЕМХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Пандемиядан кейін медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы арта бастады. Сәйкесінше, елімізде денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен ақ халаттылардың біліктілігін арттыру ісіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Дегенмен барша мәселені бір мезетте шешу мүмкін емес. Мұның артында қаншама қаражат жатыр.

Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицинаның инвестиция салуға қолайлы сала екенін айтып өткен болатын. Сонымен қатар ел Президенті «Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды» деді өз сөзінде. Арада көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де Шымкент қаласында қыруар іс қолға алынып, мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру тетіктері жан-жақты сараланды. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, жуырда Шымкент қаласы Құрсай шағынауданында жеке инвестиция есебінен жаңа емхананың құрылысы басталды.
Қазіргі таңда Құрсай шағынауданында тәулігіне 450 адамды қабылдайтын жаңа емхана құрылысы қызу жүріп жатыр. Нысан құрылысы 100 пайыз жеке инвестиция есебінен салынып жатыр. Бас мердігер – «Hi-tech building» ЖШС. Жеке инвестор Балтабай Асанов жаңа нысанды 2024 жылдың I тоқсанында тапсыру жоспарда екенін мәлімдеді. Аудан әкімі Боранбай Болатбеков құрылыс жұмыстарының сапасы басты назарда екенін атап өтті. Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал жалпы төсек-орын саны 3407-ні құрайды. Сонымен қатар қалада көпбейінді 4 стационар жұмыс істейді. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Шымкент жүрек орталығы 134 төсек орынмен, қалалық онкологиялық орталық 231 төсек орынмен, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығы 125 төсек орынмен, психикалық денсаулық орталығы 435 төсек орынмен, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.