ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытына айрықша басымдық беріп отыр. Оны әрбір сұхбатында тілге тиек етіп келе жатқаны да белгілі. Президент тапсырмасын жүзеге асыру бағытында еліміздің әр өңірінде игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді.

Жиында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалды. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылдың қорытындысымен қаламызда экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 448,5 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құраған. Осы орайда, тұрғындардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасының іске асырылуы және қаламызда құрылған жұмыс орындарына азаматтардың жұмысқа жолдануы екені айдан-анық. Бұл бағыт бойынша 2022 жылы 57,2 мың азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Оның ішінде 33500 адам 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы бойынша болса, 23,7 мың адам – қалада іске асырылып отырған ұлттық жобалар және жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындары негізінде. Жоспар толығымен жүзеге асқан.
Бүгінде мемлекетіміздің ұстанып отырған әлеуметтік саясаты – халықты масылдықтан арылтып, кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу. Бұл бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету — біздің сөзсіз басымдықтарымыздың бірі» дей келе жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5% жеңілдетілген шағын несиелендірудің жеке тетігі іске қосылатындығын атап айтқан болатын. Осы ретте, Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып, оған республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Шағын несие өндірісті дамытуға және өнім шығаруға арналған кәсіпкерлік бағытына 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласына 7 жылға 5 млн теңгеге дейін берілетін болады. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында «Агронесие корпорациясы» АҚ және жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арасында тапсырма шарт түзілген.
Тағы бір басым бағыт – әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру. Бұл көмек бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай төлем, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру, табысы аз отбасылардың құрамындағы 1-6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау, яғни бұл бастама бойынша ақшалай түрде әр балаға 5 175 теңге түріндегі көмек әр алушының жеке есепшотына жіберіледі. Атаулы әлеуметтік көмекке және кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 2023 жылға бюджеттен 10,4 млрд теңге бөлінген. 2023 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген 9 437 отбасыға немесе 47 751 қала тұрғынына тағайындалып, 1,2 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету үшін бюджеттен 7,3 млрд теңге қарастырылған. Спикердің айтуынша, жыл басынан бастап мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру іске қосылды. Яғни мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, әлеуметтік такси қызметі бойынша 2023 жылдан бастап ай сайын 5 АЕК немесе 17 250 теңгеден есеп шоттарына аударылуда. Әлеуметтік портал мен ЭЦҚ-мен жұмыс істеу үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған және басқарма қызметкерлерімен әрбір адамға жеке-жеке көмек берілуде.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік салада психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында мемлекеттік мекемелерге альтернатив ретінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Осы бағытта басқармаға қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бар. Онда 1030 қызметкер қызмет көрсетеді. Орталықтардың 2023 жылға жоспарланған қаржысы – 4 258,8 млрд теңге болса, оның 24,8%-ы игерілді. Есепті 3 ай кезеңге 2723 адам оңалту шараларымен қамтылғанын да айта кету керек.
Сонымен қатар 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Шымкент қаласында 219 отбасы, 299 адам «қандас» мәртебесін алған. Ал 6 айға қандас мәртебесін ұзартқандар саны 12 отбасынан 18 адамды құрап отыр. Көшіп келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде.
Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді, сауда-саттықпен және басқада жалдамалы жұмыстармен айналысады. Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына бүгінгі таңға дейін 47 қандас жүгінген. Олардың ішінен 29 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда, 4 адам бос жұмыс орындарына, 2 адам жастар практикасына, 4 адам қоғамдық жұмыстарға, 18 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқуға жолданған.
Айта кету керек, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бастаманың берер мүмкіндігі көп. Біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады. 2023 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 10 түрін көрсету бойынша 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38,2 мың адамға төлемдер тағайындалды, оның 5,6 мыңы проактивты форматта жүзеге асырылды.