ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖОБА ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы ерекше балаларға арналған жобаны жалғастыруда. Осы жоба аясында 700-ге жуық баланың тісіне түрлі ем шаралар жасалды. Соңғы үлгіде жабдықталған мамандандырылған стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар, ауыз қуысына диагностикалық тексерулер жүргізіліп, емдеу шаралары тағайындалды.

Дәрігерлер церебральды сал ауруы, аутизм сынды сырқаттарға шалдыққан балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді. Стоматалогиялық кабинет дәрігерлері пациенттерді жергілікті емханалардың жолдамасы арқылы қабылдайды. Жалпы ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс істеу — мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2022 жылы қаламызда «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда, орталықта 30-ға жуық бала тегін арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін алуда. Олармен кәсіби мамандандырылған психиатр, невропатолог, логопед-дефектолог, психологтар жұмыс істеп жатыр.
Ең бастысы, мекеме заманауи құрылғылармен жабдықталған. Балаларға АВА топтық және жеке қабылдау бөлмелері, қосалқы білім беру, лего және робототехника тігін шеберханасы, АРТ-терапия, ағаш шеберханасы, музыкалық кабинеттер жасақталған.