ҚАЗАҚСТАН ІРІ МҰНАЙ ЖЕТКІЗУШІ ЕЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫНА КІРУІ МҮМКІН
Қазақстан әлемдегі ірі мұнай жеткізуші елдердің қатарына кіруі мүмкін. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Теңізшевройл» компаниясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғарыда аталған компания мұнай саласында озық технологияларды белсенді түрде қолданып, көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізуге септігін тигізетін шараларды дәйекті түрде қабылдап жатыр. Өз сөзінде «2000 жылдан бері компания ауаға таралатын шығарындылардың көлемін 75 пайызға азайтты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуға тиіс. Теңіз кен орнындағы өндірісті ауқымды түрде кеңейту жобаларының жүзеге асырылуы аяқталып келеді. Бұл елімізге мұнай өндірісінің көлемін тағы да 12 миллион тоннаға арттырып, әлемдегі ең ірі мұнай жеткізуші елдердің қатарына кіруге мүмкіндік береді» деді президент.
Қорыта айтқанда, елімізде мұнай өндіру қарқыны артады. Осының арқасында Қазақстан әлемдегі ірі мұнай жеткізушілердің біріне айналмақ.
Н.НАМАЗ.