ӨЗІМЕН ҚАТАР ӨЗГЕНІ ДЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАР ЖӘРМЕҢКЕДЕ БАС ҚОСТЫ
Елімізде кәсіп ашып, өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтығысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беріледі. Аталған мүмкіндікті пайдаланып, бизнесін дөңгелеткендердің қатары уақыт өткен сайын қалыңдап келе жатқаны да белгілі. Өткен аптада Шымкентте бизнес идеясын жүзеге асырған азаматтардың жәрмеңкесі өтті.
Көрме орталығына жиналған 150-ден аса кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жұмысын бастап, нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өзін ғана емес өзгені де жұмыспен қамтып, халықтың табысын арттыруды көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына мұрындық болып отыр. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен өткен жәрмеңкеге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те табан тіреді. Жиында аралау барысында шаһар басшысы «Көрмедегі тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, әдемі, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі» деп атап өтті.
Тамақ өнеркәсібі, кондитерлік өнім, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалар бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылған жәрмеңкеде арнайы ақпараттық бұрыш та ұйымдастырылды. Онда «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша келушілерге ақпарат берді. Айта кету керек, өткен жылы үшінші мегаполисте 1195 адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. 2392 адам тегін кәсіби оқуға жіберілсе, биылғы жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып 2431 адам оқуға жолданыпты. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын тауып, Шымкент қаласы бойынша 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.