БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА 500-ДЕН АСА АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН
Шымкент қаласында қоғамның сан түрлі саласы қатар дамып келеді. Сонымен қатар жыл өткен сайын жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша ауқымды бастамалар көтеріліп, жұмыстар атқарылуда. Соңғы уақытта жаңа жұмыс орындарын құру бойынша кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік.
Мәселен, үшінші мегаполисте спорт саласында біраз жобалар жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дарменов ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде айтты. Тарқатар болсақ, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысушылардың санын арттыру аясында спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары негізінде 338 жаттықтырушы және 200-ге тарта қызметкер жұмыспен қамтылған. Аталған бағдарламаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323 млн теңге қарастырылғанын да айта кету керек. Бүгінгі таңда бұл бағытта 113 кәсіпкер жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ басқарма қарамағындағы 29 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі және мемлекеттік — жекешелік әріптестік аясында 5 спорт нысаны да жұмыс істейді. Аталған мекемелер арқылы 906 жаттықтырушы жұмыспен қамтылып отыр. Олар бас-аяғы 18 мыңнан аса спортшымен тікелей жұмыс істейді.