ПРОБЛЕМАЛЫҚ НЕСИЕНІҢ КӨЛЕМІ АРТЫП БАРАДЫ

Әлеуметтің әлеуеті қандай екенін халықтың несиеге жиі жүгінуінен-ақ айқын аңғаруға болады. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын банк пен микроқаржы ұйымдарынан алған қарызын қайтара алмай жатқандардың қатары қалыңдап барады. Осы тұста ресми статистикаға тоқталайық…

Жуырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы секторының ақпан айындағы жай-күйіне шолу ұсынды. Жағдай мәз емес. Жалпы ақпан айында төлем мерзімі 90 күннен асқан несиелердің көлемі 827 млрд теңгеге жеткен. Қаңтар айында бұл көрсеткіш 815 млрд теңге болған еді. Осы 827 млрд теңгенің 504 млрд теңгесі — жеке тұлғалардың мойнында. Қалған 323 млрд теңгесі — заңды тұлғалардыкі. Мұның ішінде шағын және орта бизнестің де «үлесі» бар.
«1 наурыздағы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің кредит портфелінің жалпы көлеміндегі үлесі 3,4%-ды немесе 827 млрд теңгені құрады. Жеке тұлғалар портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,8%-ды немесе 504 млрд теңге, (1 қаңтар 2023 жыл – 3,7% немесе 493 млрд теңге), шағын және орта бизнесті есептегенде заңды тұлғалар портфелінде – 3% немесе 323 млрд теңге (1 қаңтар 2023 жыл – 3,0% немесе 321 млрд теңге) құрайды» деп жазылған шолуда.

Ж.БАЛАУСА.