НАУРЫЗДА ИНФЛЯЦИЯ ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ КҮРТ ӨСТІ?

2022 жылдың наурызында ақпан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер құны 0,8 пайызға өсті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, наурызда қызанақтар – 12,7, тәтті бұрыш – 4,9, қырыққабат – 4,5, қызылша 3,6 пайызға қымбаттаған. Бағаның өсуі күрішке – 3,4, салқындатылған сусындарға – 3,3, майлылығы 2,5% айранға – 3, ультрапастерленген сүтке – 2,8, банандарға – 2,2, сиыр етіне және қышқыл сүт өнімдеріне – 2,1, сары майға – 1,4, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға, кондитерлік өнімдерге 1,3 пайыздан байқалды. Ал қияр – 7,3, қант – 2,1, қарақұмық жармасы 2 пайызға арзандады.
«Азық-түлік емес тауарлардың ішінде наурызда бағаның ең көп өсуі жиһаз және үйге қажетті заттарға – 2,3%, жеке қолданылатын тауарларға 1,3% байқалды. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда электр аспалы шамы – 4,3%, кілем – 2,5%, диван-төсек – 2,4%, орындық 2,2%-ға өсті. Жеке қолданылатын тауарлар ішінде дезодорант – 2,5%, дәретхана қағазы – 1,9%, иіс сабын – 1,7%, тіс щеткасы – 1,5%, шашқа арналған бояу 1,3%-ға қымбаттады» делінген хабарламада. Қызмет көрсету бойынша бағалардың өсуі денсаулық сақтау қызметтеріне 1,7 пайыз шамасында байқалды. Стоматологиялық қызметтер – 1,8, медициналық зертханалар қызметтері 1,1 пайызға қымбаттаған. Ал өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция 1,5 пайызбен Алматы облысында, ең төменгісі 0,4 пайызбен Астана қаласында тіркелді. Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының бағалары ең жоғары 2,2 пайызбен Алматы облысында, азық-түлік емес тауарлар 1,1 пайыздан Маңғыстау және Қарағанды облыстарында, ақылы қызметтер 2 пайызбен Түркістан облысында өскен.

С.НҰРАЙ.