ӨТКЕН ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТЫ ҚҰНДЫҚ МӘНДЕ 40 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
РЕСЕЙГЕ САЛЫНҒАН САНКЦИЯДАН ҰТҚАНЫМЫЗ НЕ, ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ ҚАЙСЫ?
Әлемде орын алған кез келген жағдай жаңа мүмкіндіктер кезеңін тудырады. Әлдебір елге салынған санкцияның әсерінен өзге елдердегі өндірістің көлемі артады. Енді бір елдерге жаңа нарықтар ашылады. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Өткен жылы солтүстік көршімізге бірқатар санкциялар салынды. Жасыратыны жоқ, оның салқынын әлеуметтің сезгені анық. Әйткенмен орны ойсыраған нарық арқылы Қазақстанның пайда табуына да зор мүмкіндік ашылған болатын. Мұны пайдалана алдық па? Сандар не дейді? Тарқатайық…
Былтыр Қазақстанның сыртқы саудасы үшін табысты жыл болды. Нақтырағы, еліміз соңғы 10 жылдағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. 2012 жылдан бері алғаш рет экспорт құндық мәнде 40%-ға өсті. Соңғы деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстаннан жеткізілген тауарлар көлемі 84,4 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл туралы Ranking.kz зерттеуінде көрсетілген. Тағы бір қуанарлығы, 2022 жылы шикізаттық емес тауар экспортының көлемі артқан. Ол 2012 жылғы еліміздің ең жоғарғы көрсеткішін бұзып, 26,5 млрд долларға жетіп отыр. Оның 8 млрд АҚШ доллары – жоғары өңделген тауарлардың экспорты. Бірегей экспорт қатарына атом электр станцияларының ядролық реакторларына арналған жылу бөлетін элементтері, яғни уран өзектері жатады. Оны Өскеменде «Үлбі-ТВС» ЖШС яғни Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны өндірді. 2022 жылдың желтоқсанында Қытайдың CGNPC-URC ядролық корпорациясы үшін осындай құрылымдардың алғашқы жеткізілімі жасалды. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ деректеріне сәйкес, қазақстандық тарап бұл тапсырыс үшін 51,1 млн АҚШ долларын алды.
Қош делік, қазақстандық өнімдерді сатып алатын және бізге өнімін жеткізетін елдердің көшін кім бастайды? Ресми статистикаға сүйенсек, жетекші сауда серіктестеріміз – Ресей мен Қытай. Бұл екі елдің сыртқы тауар айналымындағы жалпы үлесі 37 пайыздың шамасында. Ресей Федерациясы 2021 жылы көшбасшы саналған. Былтыр да сол нәтижені көрсетті. Қазақстан мен Ресейдің сауда операцияларының көлемі өткен жылы 26,1 млрд АҚШ долларына жетті. Ал өсімі 6,4 пайыз болып отыр. Бұл соманың басым бөлігін Ресей тауарларының Қазақстанға импорты құрайды. Сонымен қатар Қытаймен сауда да жақсы жүрді. Елдер өзара 24,1 миллиард АҚШ долларына сауда-саттық жасасты. Айта кету керек, аспан асты елімен арадағы сауда қатынасы айрықша қарқынмен өсіп келеді. Мәселен, былтырғы өсім 34,1 пайыз шамасында. Бір қызығы, Қытаймен қарым-қатынастың Ресеймен сауда-экономикалық байланыстардан айырмашылығы, бұл ел Қазақстан үшін бірінші кезекте өткізу нарығы, содан кейін ғана жеткізуші рөлін атқарады.
Қазақстанның сауда серіктестерінің бестігіне Италия, Түркия және Оңтүстік Корея кіреді. Осы тұста айта кетерлігі, Италия – Қазақстаннан мұнай сатып алушы басты мемлекет. Жалпы алғанда былтыр жоғарыда аталған үш елмен ақшалай сауда айтарлықтай артып, мұнай бағасының өсуі есебінен Италиямен сауда 54,1%-ға, ал Оңтүстік Кореямен 2,3 есеге өсті. QazTrade сарапшыларының пікірінше, геосаяси жағдайға байланысты әлемдік саудадағы өзгерістер жалпы Қазақстан экспортына оң әсерін тигізді. Экспорттық себетті әртараптандыру деңгейінің жоғарылауы байқалды. Қазақстан тауарлардың көп түрін сата бастады, ал экспорттық нарықтар саны 122-ден 129-ға дейін өсті.
Осы тұста халықаралық жағдайды талдай өтейік. Ресей мен Беларуське қарсы батыстық санкциялар негізгі еуропалық жеткізушілерді жаңа нарық іздеуге мәжбүр етті. Ресей де өзінің сауда саясатын өзгертті. Бұл өзгерістер еліміздің экспорт ағынына әсер етті. Мысалы, Қазақстаннан Беларуське тас көмірді жеткізу өткен жылы 93,6%-ға немесе 1,8 млн-нан 119,7 мың тоннаға дейін қысқарды. Алайда, Қазақстан Еуропадағы энергетикалық дағдарысты ескере отырып, тауар сатып алушыларды тез тапты. Олар біздің отынды қуана сатып алды. Атап айтқанда, Польша 1,5 миллион тонна импорттады, Латвия 752,8 мың тонна сатып алды, Түркия мен Кипрдің сұраныстары өсті. Бір қызығы, 2021 жылмен салыстырғанда Польшаның сұранысы 10 есеге артса, Латвия бірінші рет Қазақстаннан көмір сатып алған. Жалпы әлемдік нарықтарда 2022 жылы көмірге сұраныс жоғары болды. Нәтижесінде Қазақстанның осы шикізатты сатудан түскен экспорттық кірісі 89,3%-ға ұлғайды.
Сонымен қатар елімізде өсімдік майы өндірісінің көлемі дер кезінде ұлғайды. Өткен жылы аталған нарықта өзгерістер болды. Егер бұрын Қытай мен Өзбекстан Ресей мен Украинадан ірі көлемде өнім сатып алса, 2022 жылы жеткізілім төмендеді. Осылайша Қазақстан көршілеріне өз майын ұсынып, тараптар келісті. Сандарды сөйлетсек, ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өткен жылы Қытай елімізден май импортын төрт есеге, ал Өзбекстан екі есеге арттырды. Сонымен қатар Қазақстан үшін тағы бір қолайлы тренд Ресейдің орасан зор нарығында еуропалық компанияларды алмастыру болды. Мәселен, QazTrade мамандарының айтуынша, өткен жылы аустралиялық алюминий жеткізушілері Ресейден сауда санкцияларына байланысты кеткен. Өз кезегінде Ресей қазақстандық өнімнен бас тартқан жоқ. Сонымен қатар алюминийді өндіру үшін осы шикізатты Қазақстаннан тасымалдау Аустралияға қарағанда жылдамырақ болады. Жаңа келісімшарттардың арқасында біздің еліміз Ресей Федерациясына алюминий тотығын жеткізу көлемін екі есеге, яғни 378,1 мыңнан 745,4 мың тоннаға дейін арттырды. Еуропа мен Ресей арасындағы логистикадағы қиындықтар қазақстандық балық жеткізушілерге де әсер етті. Олар Германияға филе экспортын 62,9%-ға, Литваға-56,5%-ға, Нидерландыға-48,7%-ға арттырды. Біздің бренд – көксерке.
Бұдан бөлек, Қазақстан Ресейге экспортталатын тауарлар бойынша жеткізілімді арттырды. Бұл экспорттың жалпы статистикасынан айқын көрінеді. 2022 жылы ол 26,9%-ға, яғни 6,9 млрд-тан 8,8 млрд АҚШ долларға дейін өсті. Алайда Қазақстанның ұтылған жағы да бар. Мысалы, санкцияларға байланысты темір рудасын жеткізу 70%-ға төмендеді. Ресей бұл тауардың негізгі сатып алушысы болғанын ескере отырып, бұл нарықтың орнын тез табу мүмкін болмады. Нәтижесінде еліміз темір кендерін сатудан түскен экспорттық түсім екі есе яғни 1,6 млрд-тан 713,3 млн АҚШ долларға дейін төмендеді.
Қорыта айтқанда, еліміздің Ресейге салынған санкциялардан кейін орнаған мүмкіндіктер кезеңінен ұтқаны көп. Бірқатар тауар бастапқыда қат болғанымен, орнын толтыру жұмыстары жанданып, өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыру қырқыны артты. Қала берді, геосаяси жағдайдың ушығуы қазақ шенділеріне импортқа ғана иек артып отыра берудің артында ауқымды азық-түлік қауіпсіздігі тұрғанын аңғарта түсті. Бүгінде мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, бірқатар салаларда ірі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Қош делік, шеттен келер тауарға телміріп, бағаның ырқына көніп отыра беретін кезең өтіп барады. Әйткенмен отандық өнімнің әлеуетін арттырып, ішкі нарықты толық қамти алуына жағдай жасау қазіргі Үкіметтің қолынан келе ме?! Өзекті сұрақ. Мұны уақыттың еншісіне қалдырайық…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.