ОРАЗА ҰСТАЙТЫН ЖАНДАРҒА 9 КЕҢЕС

Қасиетті айда нені ескерген жөн? Дұрыс тамақтанудың сыры неде? Алматы қалалық №11 емхананың дәрігері Әсел Құдайбергенова Рамазан айында денсаулыққа зиян тигізбей, дұрыс тамақтанудың 9 жолын айтып берді.

«Рамазан айында ораза тұтқан әрбір мұсылман тән мен жан саулығын ойлайды. Бірақ көпшілігі сәресі мен ауызашар мәзіріндегі ерекшеліктен хабарсыз. Айлардың сұлтанында ораза ұстаған жандар денсаулыққа зиян тигізбейтіндей дұрыс тамақтану жолдарын білген дұрыс. Ендеше оразада дұрыс тамақтанудың тоғыз әдісін білген жөн» дейді дәрігер.
Қасиетті айда дұрыс тамақтанудың дәрігер айтқан 9 кеңесіне тоқталайық.

Ауыз ашуды құрмамен бастаған жөн
Рамазан айында ауызашар мен сәресіге ас дайындау кезінде жаңа піскен өнімдерді пайдалану қажет. Мәселен, жеміс-жидек, көкөніс таңдаған кезде осыны ескеріңіз. Құрма мен суды ауыз ашқанда пайдаланудың бір пайдасы — ас ішер алдында адамға өзінің ағзасында тамаққа деген қосымша қажеттіліктің бар не жоғын анықтауына мүмкіндік туады.

Суды көбірек ішу керек
Ауыз ашқан соң суды көбірек ішіңіз. Алайда суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. Тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашады деп тойып алмау керек.

Тез шөлдететін тағамдардан бас тартқан жөн
Рамазан айында ас мәзіріңізді уақытша өзгертуге тура келеді. Күнделікті қолданатын тұзды өнімдерден, тұздалған қияр, қызанақ, тұзды салаттар мен балықтан бас тартыңыз. Оның орнын жеміс-жидектермен, сумен көбірек толықтырыңыз.

Асықпай тамақтану қажет
Күні бойы тамақтанудан бас тартқан адам ішкі күйзеліске түседі. Бұл әсіресе, оразаны алғаш ұстаған жандар үшін маңызды. Ауыз ашқан кезде құрмамен, сумен немесе сорпа, ет қосылған көкөніс тағамы сияқты жеңіл тағамдарды ішіп, жеу керек.

Тәттіден бас тарту керек
Ас мәзіріңізден тәттілерді (кондитерлік өнімдер, торт, тәтті бәліштер) алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, қарныңызды тез аштырады. Сондай-ақ Рамазан айында тәттілерді көбірек қолдану қан қысымыңызды көтереді. Тек ауызашардан соң екі-үш сағат өткен соң тәттілердің орнына – құрма, кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ қолданыңыз.

Кофе ішпеген дұрыс
Егер сіз таңыңызды жұмыспен емес, кофемен бастар болсаңыз, Рамазан айында кофені қоя тұрыңыз. Өйткені кофе ағзаға көптеген зиянды әсерлерін тигізуі мүмкін.

Тамақтану тәртібіне мұқият болу қажет
Әдетте біз күніне үш рет тамақтанамыз. Рамазан айында да осы әдіспен жүріңіз. Ол үшін ауызашардың бірінші бөлігінде – ыстық тағамдарды, екінші бөлігінде майсыз тағамдар мен балықты, ал сәресіде – жеміс-жидектерді қолданыңыз. Бұл әдіс сіздің денсаулығыңыз үшін өте маңызды.

Пайдалы ас ішу керек
Шайды көп ішетін болсаңыз, бұл айда жалбыз шайы мен көк шайды көбірек ішіңіз. Сондай-ақ сүт өнімдерін (сүт, айран, қатық, ірімшік) көбірек қолданыңыз. Сүт, айран, ірімшік, құрт секілді азықтар сапалы протеин, кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дəрумендерге бай.

Сәресіге сергек болып ояну қажет
Ол үшін жатар алдында майлы тағамдар қолданбаңыз. Оның орнын жеміс-жидектермен (жүзім, алма, алмұрт, құлпынай) ауыстырыңыз. Аты аталған жемістер мидың қалыпты жұмыс істеуіне және жақсы тынығуыңызға әсер етеді. Сәресі уақытында да күндіз қарным ашады деп тоя тамақтанбаңыз.