ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 261 ЖАСҚА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тетігін іске қосуды тапсырған болатын.
Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша түсіндірме жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Мәселен, Шымкентте қалалық жастар ресурстық және жұмыспен қамту орталықтарының ұйымдастыруымен студенттерге мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. М.Әуезов атындағы ОҚУ бітіруші түлектері жұмыспен қамту бағдарламаларының талаптарымен танысты. Жастар бизнесіне жол ашатын 2,5 пайызбен берілетін микронесие шарттарымен қатар «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» бағдарламаларының талаптары түсіндірілді. Биыл Шымкентте 261 жасқа кәсіп бастау үшін жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Жыл соңына дейін «Жастар практикасымен» 2 мыңға жуық, «Алғашқы бос жұмыс орны» жобасымен 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Айта кету керек, 1 наурыздан бастап 15 өңірде жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру бойынша құжат қабылдау басталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Сәкен Ділдахмет «Атамекен» бизнес арнасындағы «Басты тақырыпта» кейбір өңірлерде бағдарлама неге кеш іске қосылатынын түсіндірді. Нақтырағы «Қазақстанның 20 аймағына 5800 несие бөлінеді және ол әр өңірдің сұранысына қарай анықталады. Кейбір аймақта сұраныс көп, кейбір аймақта сұраныс аз болуы мүмкін. 1 наурыздан бері 15 өңірде құжаттарды қабылдау басталды. Әкімдіктердің бастамасымен наурыз айының аяғына дейін төрт өңірде, сәуір айының басында ең соңғы жиырмасыншы өңірде бағдарлама іске қосылады. Себебі бір жерде көктем ерте келеді, бір жерде қыс кеш шығады. Адамдар құжат тапсырғанымен, дәл қазір бизнес бастап кетуі мүмкін емес. Сондықтан өңірлерде құжат қабылдау уақыт ерекшелігіне қарай басталып жатыр» деді ол.
Құжаттарды қағаз түрінде Аграрлық несие корпорациясының өңірлердегі филиалдарына барып тапсыру керек. Бағдарламаның негізгі талаптары – 21-35 жас аралығында болу, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, тіркелмегендер қазір тіркеле алады, кепілдік (жылжитын не жылжымайтын мүлік). Жастар 5 жылға дейін 5 млн теңге алуға болады. Құжаттардың толық тізбесі agrocredit.kz сайтынан табуға болады.