КӨРІСУ КҮНІНДЕ ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Өткен аптада шымкенттік тұрғындар Әз Наурыздың алғашқы мерекесі — Көрісу күнін атап өтті. Таңертең Астана алаңынан бастау алған мереке қаланың бірқатар көрікті орындарында және Shymqala этноауылында жалғасты.

Қыстан көкорай көктемге аман жеткен жұртшылық Көрісу күнінің игі дәстүрін жалғап, бір-бірінен саулық сұрасып, төс қағыстырды. Бұл күні қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді Көрісу күнімен құттықтап, ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұрпақтар сабақтастығын жалғастырмақ ниетте қала жастарымен көрісіп, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» қариялардың амандығын сұрап, батасын алды. Ал ұлттық киім киген, домбырасын бауырына басқан өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, Көрісу мерекесінің көркін қыздырды.
Абыз ақсақалдар мен әжелердің жас буынмен жарқын жүздесуі ұлт болашағы, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар турасындағы тағылымды сұқбатқа ұласты. Күн сайын мұнда 700-ден астам тұрғын 30 шақты қызмет түрін алады. Заман талабына сай жабдықталған орталық — бүгінде қариялардың басын қосатын алаңға айналып отыр.
Айта кету керек, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашуы керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады. Көрісе келген адамдар көрісіп шыққан үйінің дастарқанынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарқанға шақырады. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, татулық пен бауырмалдыққа шақыру жолында маңызы зор.