ІРІ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ
Шымкент қаласының үлкен құрылыс алаңына айналғанына біраз болды. Бүгінде үшінші мегаполис аумағында көптеген нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Сәйкесінше, қалаға елімізге белгілі ірі құрылыс компаниялары келіп, кеңсесін ашуда. Мұның өзі шаһардағы құрылыс саласында бәсеке туғызып, сапаның артуына сеп бола түсуде.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Capital Invest Construction» компаниясы кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Қаланың құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосатын алпауыт серіктестік қалада 12-25 қабаттан, 20 блоктан тұратын зәулім тұрғын үйлерді салуда. Қала басшысы мегаполис аумақтарында өз жобаларын іске асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. «Алдағы бес жылда қалаға 6 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспары тұр. Осы мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін негізгі салалардың бірі – құрылыс. Сондықтан саланы дамытуға ниетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетудеміз» деді қала әкімі. Мегаполис басшысы бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналып отырған Шымкент Сити шағын ауданының артықшылықтарына да тоқталды.
Бүгінгі таңда жаңа шағынауданды дамыту жобасы қаланың жетекші жобаларының біріне айналды. 427 га аумақты алып жатқан ауданға керекті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылды. Шағынауданда 2 млн шаршы метр тұрғын үй, 195 мың шаршы метр коммерциялық алаң, 7 500 оқушыға арналған 7 мектеп, 5000 орындық 8 балабақша, 295 тұрғын үйден тұратын 19 көпқабатты тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда. Сонымен қатар қазір 2 мың орындық Конгресс Холлдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ғимарат биыл тамызда пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта жаңа елді мекенде опера және балет театры салынады деп жоспарлануда. Қорыта айтқанда, Шымкенттің сәулетімен қатар, дәулетінің де артуына сеп болатын құрылыс компаниялары келіп жатыр. Мұның өзі бюджеттің бүйірін толтыруға сеп болары анық.